Қазақстан Орталық Азия аймағында білім хабына айналмақ - Kazakh TV

Қазақстан озық білім беретін, шетел студенттерін табысты жобалармен қызықтыратын, Орталық Азия аймағындағы білім беру хабына айналуы тиіс. Білім және ғылым министрлігінің алдына осындай міндет қойылып отыр. Бүгінде қазақстандық білім беру жүйесі Болгария, Қытай, Франция, Германия, Иран, Түркия, Ауғанстан, Албания және Сомали елдерінде оң бағаға ие. Жергілікті оқу орындарында 14 мың шетелдік студент білім алып жүр. Солардың бірі Мексикадан келген – Сандра Реал. Ол Назарбаев университетінде өңір экономикасы, мәдениеті, саясаты туралы білім алуда. Ол бұл оқу орнын кездейсоқ таңдамапты.

САНДРА РЭАЛ, Н.НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - ТМД елдерінде білім алуды бала кезімнен армандадым. Назарбаев университетінде барлық сабақ ағылшын тілінде жүргізілетінін білгенде, еш ойланбастан құжаттарымды тапсырдым. Болашақта Қазақстан мен Мексика арасында дәнекер болып, әріптестік аясын кеңейтуді жоспарлап жүрмін. Маған қазақ тілі мен қазақ мәдениеті қатты қызық. Осы елде алған білімім ТМД елдерімен экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Айнұр Айдын – Назарбаев университетінің студенті, Түркия азаматы болғанымен, бала кезінде отбасымен бірге Алматыға көшіп келген. Оның пікірінше, әлемнің кез келген еліндегі еңбек нарығында сапалы білім үлкен сұранысқа ие. Бұл тұрғыда отандық университеттер кепіл бола алады.

АЙНҰР АЙДЫН, Н.НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Ғылыми еңбектердің көпшілігі ағылшын тілінде жазылған. Демек менің ғылыми жұмысым шетелде де өзекті бола алады. Ағылшын тілінде білім алу арқылы мен әлемнің барлық елінде Еуропа елдерінде де АҚШ-та да жұмыс істей аламын.

Назарбаев университетінде Ресей, Қытай, АҚШ, Мексика, Германия, Үндістан, Бангладеш және Орталық Азия елдерінен келген 25 студент білім алып жүр. Университет басшылығы тек грант бойынша ғана емес, ақылы негізде оқитын шетелдіктердің санын 800-ге жеткізуді көздеп отыр.

БАНУ НАРБЕКОВА, ҚР БҒМ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Шетелдік мұғалімдердің бізге келіп білім беруі, өзге елден келген студенттердің көп болуы бізді әлемдік үздік университеттердің тізіміне енгзіп, халықаралық рейтингте бой көрсетуімізге мүмкіндік береді.

Шетелдік студенттер тек қана Назарбаев университетінде емес, еліміздегі 100-ден аса жоғары оқу орнында педагог, агроном, заңгер, қаржыгер, архитектор, программист, кеден қызметкері мен мұнай ісі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бүгінде қазақстандық 12 университеттің өкілдігі шетелдік оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейді.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер