«Астана» ХҚО халықаралық «Fintech Stars» акселерация бағдарламасын жүзеге асырмақ

«Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдік деңгейде инновациялық шешімдер мен заманауи  бизнестік  жобаларды ұйыстырушы бірыңғай алаңға айналады. Ол қаржы институты елімізде халықаралық «Fintech Stars» акселерация бағдарламасын жүзеге асырмақ. Кәсіпті жылдам дамытуға бағытталған игі іспен айналысу үшін Қазақстанға швейцариялық қор шақыртылды. Шетелдік «Сид Старс» компаниясымен бірлесіп әлемнің ұтқыр деген инновациялық жобаларына қаржылай демеу жасаудың енді бір тың әдісі қолға алынады. Іріктелген 10 стартап-команда кейін үш ай бойы Женева қаласында кешенді оқудан өтеді. Қаржылық технологиялар, электронды сауда және сақтандыру бағытындағы үздік бастамаларды іске қосу үшін әрқайсысы 20 мың доллар, сондай-ақ өндіріс жолына шығуға тағы 350 мың долар көлемінде инвестицияға қол жеткізе алады.  

ИГОРЬ ОВЧАРЕНКО, SEED STARS ҚОРЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Осы айдың 26-сы күні акселерациялық бағдарлама іске қосылады. Біз таңдалған үздік деген 10 стартап жобасының қатысушыларымен кешенді жұмыс жүргізе бастаймыз. Олар алдағы 10 апта бойы өздерінің бастамаларын жетілдірудің бірқатар жолдарымен танысады. Ал 2017 жылдың 4-ші шілдесінде біздің жүйедегі инвесторлар мен жергілікті әріптестерімізді шақыртып, жобаны нақты жүзеге асыруға көшеміз. 

ӘСЕЛ ЖИЕНБАЕВА, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазір жоба аясында Ұлыбританиямен әріптестік орнатып жатырмыз. Сондай-ақ, стартап алмасу үшін қытайлық және Тель-Авивтегі арнайы қаржылық хабтармен келісімдер жасалуда. Біздің бағдарламаның талаптарын ескеріп  сүрінбей өткен жобалар үш айға өзге елдерге шеберлік алмасуға жіберіледі. Бұл бәсекелестікті арттыру үшін жасалып жатқан істер.    

Байқауға Қазақстан, Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия мен Кавказ, Еуропа, Қытай мен Монғолия мемлекеттерінің командалары қатыса алады. Жоба талаптарына сай, жаңа бастама болғанымен, әрбірі кемінде айына 5 мың долар көлемінде пайда табуға қауқарлы болуы тиіс. Ақтық сынға елімізден алты және өзге мемлекеттерден 4 команда өтеді. Әлемдік сарапшылардың қолдауымен жеке кәсібін дөңгелетіп алуға ниеттілер өтінімдерін алдағы бір жарым ай көлемінде тапсыру керек.