Сенат депутаттары ел үкіметі мен БҰҰ арасындағы келісімді ратификациялау туралы заңды мақұлдады

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымымен әріптестікті нығайтуда. Сенат депутаттары ел үкіметі мен БҰҰ арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Құжат Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты. Ол Алматыдағы ЭСКАТО офисінің тиісті деңгейде қызмет етуі бойынша Қазақстанның міндеттерін бекітеді. Бұл мақсатқа еліміз жыл сайын бюджеттен 100 мың доллар бөлмек. Шығындардың басым бөлігі бағдарламалық қызметпен байланысты.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Келісімнің ратификациясы Қазақстанның ЭСКАТО-ның мақсатты мен міндеттеріне бейімделгенін растауға Азия және Тынық мұхиты өңірі елдерімен өзара әлеуметтік-экономикалық ықпалдастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Субөңірлік бөлімше Елбасы бастамасына сәйкес, Алматы қаласындағы көпжақты дипломатия жөніндегі халықаралық хабын құру тұжырымдамасына сай келіп отыр. БҰҰ-ның хабы осы халықаралық ұйымның Орталық Азиядағы ұйымдардың және жүйе бағдарламаларының қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сенаторлар Әзірбайжан үкіметімен де хаттаманы мақұлдады. Ол салықтан жалтару және екі мәрте салық салуды болдырмауға қатысты. Қазақстанның қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, өзгерістер ақпарат алмасудың арқасында екі елдің салық қызметтері арасындағы байланысты нығайтпақ. Бұдан бөлек, құжаттағы өзгертулер ішкі заңнаманы да барынша реттейтін болады,-деді Қаржы министрі.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

 - Екі мемлекет арасындағы салық салу мәселелерінде заңнамалық база ретінде осы хаттаманың рөлі маңызды екенін атап өткім келеді. Әзербайжанмен өзара сауда-саттық жайлы статистикалық деректерге тоқталып өткен жөн. Соңғы 10 жылда Қзақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 3,2 млрд АҚШ долларын құрады. Соңғы 10 жылда Әзербайжаннан Қазақстанға инвестициялар 168,7 млн АҚШ долларын құрады.