2020 жылға қарай елімізде транзиттік тасымалдан түсетін табыс 5 млрд теңгеге дейін жетуі керек. Бұл міндетті Елбасы биылғы Жолдауында белгіледі. Айта кетейік, транспорттық сала республика бюджетін толықтырудың тұрақты көзі. Өткен 10 жыл ішінде аталмыш саланы дамытуға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге шамамен 30 млрд доллар инвестиция құйылды. Нәтижесінде осы уақыт аралығында жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын темір жол құрылысы жүзеге асырылып, 6 мың шақырымнан асатын автокөлік жолдары жөнделді, кейбірі қайта салынды. Ал Каспий портының қуаты 23 жарым миллион тоннаға дейін өсті. Сонымен қатар, еліміздегі 15 әуежайға қайта құру жұмыстары жүргізілді.

ДАСТАН РАМАЗАНОВ ҚР ИДМ Б

АСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - 2017 жылы транзиттен түскен табыс 350 миллиард теңгенің шамасында болды. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 150 миллиард теңгенің көлемінде еді. Қытаймен құрғақ порт құрылып, Ақтау порты кеңейтілді. Құрық портында темір жол терминалы жұмыс істеп тұр. Енді автомобиль терминалын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Елімізде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзақтығы – 24 мың шақырым. Бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай өседі. Бүгінде бірнеше бағыт бойынша автожолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші санаттағы бір шақырым жолды жөндеуге бюджеттен орта есеппен 500 миллион теңге керек. Қаржының жартысы кейін төленеді, демек, осы саланы дамытуда әлі де жұмыстар атқарылады.

САЙРАНБЕК БАРМАҚОВ ҚР ИДМ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- «Алматы–Астана–Қостанай» мен Ресей Федерациясы шекарасы бүгінде Астанаға дейін шекара жолы салынған. Астанадан Алматыға дейін жол салынып жатыр, оның құрылысы алдағы 2-3 жылда аяқталып, толықтай пайдалануға беріледі. «Омск-Қапшағай» трассасы да халықаралық дәліз санатында. Біз бүгінде Қалбатаудан ҚХР шекарасына дейінгі жолды салып жатырмыз, Павлодарға дейінгі жолды толығымен бітірдік. Ал Қапшағайдағы бақылау-өткізу пунктін алдағы 2-3 жыл ішінде бітіреміз.

Дәлірек айтқанда,  көлік және логистикалық инфрақұрылымның белсенді құрылысы Қазақстанның халықаралық рейтингтегі мәртебесін көтереді. Сөзімізге дәлел, 2016 жылғы логистика тиімділігінің көрсеткішіне сүйенсек, Қазақстан  160 ел арасында 77-ші орынға ие болды. 2014 жылмен салыстырғанда 11 позицияға көтерілген. Еліміз Ресей, Украина, Беларусь және Грузия сияқты елдерді басып озды.

Айта кетейік, Дүниежүзілік Банк индексі халықаралық саудадағы тасымалдың тиімділігін әр 2 жыл сайын бағалап тұрады. Сарапшылардың пікірінше, индикатордың көрсеткіші жыл сайын өсіп жатыр. Инновациялық жобалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы – интеллектуалдық көлік жүйесіне оң әсерін тигізуде.

ӘСЕТ АСАУБАЕВ ҚР ИДМ КӨЛІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл инфрақұрылым мен транспортты біріктіретін бірыңғай ақпараттық технология. Бұл жолдар Ақпараттық технологияларды дамытуды қолдау жүйесімен жабдықталады. Яғни, авто жолдар метеорологиялық станция арқылы онлайн режимінде жұмыс істеп, ауа райын көрсетеді, түрлі төлемдер жасауға да ыңғайлы болады.

Сарапшылардың пікірінше, «ақылды» жүйе қазақстандық жолдардағы қауіпсіздікті орта есеппен 30% -ға арттырады. Зияткерлік транспорттық технология мемлекеттік-жеке әріптестік арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйенің экономикалық тиімділігі 460 млрд теңге. Қазір жоба белгілі бір учаскілерде қолданыста, ал 2020 жылға қарай Қазақстандағы республикалық және жергілікті маңызы бар барлық жолдар бірыңғай интеллектуалды көлік жүйесімен жұмыс істейтін болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер