Бұл кадрлар қазақ телевизиясының қалыптасуынан сыр шертеді. Қазіргі арналардағы бейнелердің алтын қоры мұрағат жинаудың арқасында сақталып отыр. Өзекті жаңалықтарды журналдарға тәптіштеп тізіп, көздің қарашығындай сақтаған қызметкерлердің еңбегі зая кетпеді. Бүгінде көне бейнелерді көріп, телевизия тарихымен таныса аламыз. 

VHS,  Betacam, Betacam SP сынды талай рет қолдан-қолға ауысқан кассеталар енді арна бейнеқорларында қаз қатар тізіліп тұр. Олар сөрелерге жанрлары, тақырыптары мен кезеңдеріне сай орналастырылған. Жалпы бейнеқор жинау мәселесі 97 жылдардан бастап қолға алынды,-дейді ардагер журналист Молдабек Сағымбек. Оның телевизия саласында қызмет еткеніне 35 жылға таяп қалыпты. Маман кезінде киноленталар, кино таспалармен де жұмыс істеген.

МОЛДАБЕК САҒЫМБЕК, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ:

-  Біздер ол кезде кино таспаға дыбысы бөлек жазылатын да бейнесі бөлек жазылатын. Артынан бейнесін, бейне таспаны проектіден шығаратын, кептірілетін ол, бірнеше күн уақыт өтетін, одан кейін монтажға отыратынбыз. Монтаж кәдімгі монтажный стол дейміз. Онда кәдімгідей кесіп ленталарды керек жерлерін қиып, керексіз нәрселерді қоқысқа тастап отыратынбыз.  Кейбір қажет болады-ау  деген жерлерін әрине алып қаламыз.

«Хабар» агенттігінің Астанадағы бейнеқорында 5000, ал Алматыда 7 мыңға тарта кассета сақталған. Бейнеқор мамандары бірден 4 арнаға қызмет етеді. Мұнда «Хабар», «Хабар 24», «Ел Арна» және «KazakhTv» арналарының материалдары қамтылады.

ӘСЕМ ТӨЛЕНТАЕВА, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БЕЙНЕҚОР БАСШЫСЫ:

 - 2016 жылы «Хабар» Агенттігінде цифрлау жөніндегі комиссия құрылды. Оған сәйкес, Хабардың барлық контентін цифрлауға кірістік. Қазіргі уақытта 96-97 жылдардағы жаңалық сюжеттері мен «Жеті күн» сараптамалық бағдарламасы цифрландырылды. Енді біз «Dalet» цифрлық мұрағатымен жұмыс істейміз. Синэджи архивін алдық.

Жаңалықтар күн сайын емес, тіпті, сағат сайын өзектілігін жойып, ұмытылатын дүние. Алайда олардың әрқайсысы – ертеңгі тарих. Оны сақтау болса, бейнеқор қызметкерлеріне жүктелген міндет. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер