Қазақстан Орталық Азия елдерімен аймақтағы қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға мүдделі

Қазақстан Орталық Азия елдерімен аймақтағы қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға мүдделі. Еліміз Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеттерімен диалогты күшейтпек. Бұдан бөлек, ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының аясында да  қадамдар жасалуда. Бұл мәселе бойынша наурызда өтетін Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының саммитінде бірқатар құжаттарға қол қою жоспарланып  отыр.  

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ,  ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

 - Форум барысында Ауғанстан бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарға ие болады деп ойлаймын. Бұл ретте Ауғанстан қауіп-қатердің ошағы ретінде ғана емес, Ауғанстанның экономикалық дамуына үлес қосуға біз шақырып отырмыз. Бұл жерде Ауғанстанмен экономикалық байланыстарды күшейту сөз етілуде. Яғни Ауғанстанға инвестиция құю, гуманитарлық көмек көрсету.

Айта кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің  тұрақты емес мү­шесі ретінде де Қазақстан Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік айма­ғын қалыптастыру мәселесіне аса ден қойған болатын. Қауіпсіздік кеңесінің пікірталастарында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған жиындар өтті. 

ХИКМЕТ КАРЗАЙ, АУҒАНСТАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстанның жүзеге асырып жатқан шараларын Ауғанстан үкіметі мен халқы жоғары бағалайды. Қауіпсіздік Кеңесінде біздің мемлекетке көңіл аударылып, мұндағы күрделі жағдайды талқылағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Ауғанстандағы ахуалдың Орталық Азияға әсері мол. Жиында бірлескен қауіпсіздікті дамыту мәселесі талқыланды. Қазақстан бұл мәселеге зор көңіл бөліп отыр.

Қазақстан аумағында Орталық Азияның бітімгерлік бригадасын құру мәселесі де көтерілген болатын. Бастаманы Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушылардың бірлестігі ұсынды.  Бригада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдері әскерилерінің тәжірибе алмасуларына мүмкіндік береді,-дейді олар.

МҰРАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «ТӘЖІК-АУҒАН ШЕКАРАСЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ ҚАҚТЫҒЫСТАРҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ» РҚБ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз Орталық Азияның бітімгерлік контингентін құруды ұсынып отырмыз. Бұл жұмыстың жүзеге асырылу тәртібі дайын. Қорғаныс және Қарулы күштер , Бітімгерлік күші туралы заңдарымыз бар. Яғни тұжырымдаманы іске асыру үшін қажетті заңнамалық база дайын.

Бригаданы бірлесе қаржыландыру ұсынылуда. Бұл үшін әлі елдер арасында тиісті келісімдер қажет.