Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын кеңейтуді жобалауға қазақстандық тарап қатысатын болады

Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын кеңейтуді жобалауға қазақстандық тарап қатысатын болады. Бұл жайында Қазақстандық мұнай-сервистік компаниялар Одағының бас директоры мәлімдеді. Қазіргі таңда 10-ға жуық шетелдің жетекші корпорациясы Қарашығанақ пен Теңіздің ірі жобаларына қатысуға ниет танытып отыр. Олар отандық компаниялармен бірлесе жұмыс істеуге міндеттелетін болады,-дейді Одақ өкілдері. Айту керек, Жер қойнауын пайдалану жөніндегі жаңа кодексте мердігер компаниялардың сатып алуларына байланысты жаңа ережелер бекітілген. Сондай-ақ Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ сынды ірі операторлардың тапсырысын орындаушыларға да осындай талап қарастырылған. Сарапшылардың айтуынша, бұл отандық мұнай сервисінің дамуына ықпал етпек.

НҰРЛАН ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙ-СЕРВИСТІК КОМПАНИЯЛАР ОДАҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұған дейін жаңа инвесторға, яғни жер қойнауын пайдаланушыға қазақстандық үлесті сақтау бойынша талаптар қойылатын. Монополиялық мекемелер мен көліктік компаниялар атқаратын жұмыстар мен қызметтердегі көрсеткіш  70-80% шамасында болуы керек еді. Ал қазіргі уақытта құзыретті органдар жобалау және геофизика сынды бөлімдердегі қазақстандық үлес 50 пайыздан кем болмауы тиіс деген талап белгілеп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанның мұнай сервистік саласында мыңнан астам компания жұмыс істейді. Отандық бизнестің қатысуы 50 пайыз шамасында.