«Бабалар ізімен» Мысыр елінде. Тарихи-ғылыми экспедиция Сұлтан Бейбарыстың рухани мұрасын зерттеп, тың деректер іздеді. Сұлтан Бейбарыс мешіті – Каирдегі тарихи орындардың бірі. Мешіттің ұзындығы 108, ел ені 105 метр. Тас қабырғаларының биіктігі 11 метрге жуық. 8 ғасыр бұрын бой көтерген мешітке реставрация жұмыстары жүргізілмек. 2007 жылы Қазақстан мен Египет бірлесіп мешітті күрделі жөндеуден өткізуге келісім берген еді. Қазақстан тарапы 4 жарым миллион АҚШ долларын бөлді де қалған бөлігін Египет өз мойнына алды.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Сұлтан Бейбарыстың 1260 жылдары салдырған мешіт қорғаны. Осы күнге дейін бұл Каирдегі ең үлкен мешіт болып есептеледі. Қазір міне күрделі реставрация жұмыстары басталып жатыр екен. Ол қуанышты жағдай. Бұл мешіт қазақтар үшін, Қазақстан үшін киелі жер болуға тиісті.

Қазақстанның Египеттегі елшілігінің араласуы мен тығыз жұмысының нәтижесінде Сұлтан Бейбарыс мешіті елдегі ең негізгі тарихи нысандарының тізіміне енгізіліпті. Мысыр Үкіметі нысанды бір жыл ішінде толықтай реставрациядан өткізіп, жұртшылық назарына ұсынбақ. Енді аз-кем уақыттан кейін Египетке барған қазақстандық туристер даңқты бабаларының салдырған рухани ордасымен де танысып қайтатын болады.  

АРМАН ИСАҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕГИПЕТТЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Сұлтан Бейбарыс атамыздың мұрасы бойынша әлі де зерттелмеген құжаттар көп. Мысырдың Ұлттық кітапханаларында қолжазбалар бар. Және қолжазбалар үйінде. Біз солармен тығыз қарым қатынастамыз және сол қолжазбаларды қазақ тіліне аудару және жариялауға тырысамыз. Сондай-ақ Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғылыми конференция ұйымдастыру жоспарымызда бар.

Ізденіс жолында жүрген «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Каирдегі қыпшақ мәмлүктердің тарихын зерттеуші ғалымдармен де кездесті. Асуан университетінің профессоры, доктор Мұхаммед Рияд/ Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын араб тіліне аударған.

МҰХАММЕД РИЯД, АСУАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ: 

 - Мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» деген кітабын аудару арқылы сіздердің мәдениеттеріңізге қызығушылығым арта түсті. Сұлтан Бейбарысты бізге сыйға тартқан Қазақ даласына алғысымыз шексіз. Ол Египетті татар-моңғол шапқыншылығы мен крест жорықтарынан сақтап қалды. Осы арқылы ол Ислам діні мен  Египеттің  тәуелсіздігін қорғады. Дешті Қыпшақтан шыққан мәмлүктер батыр, нар тұлғалы азаматтар болған. Сұлтан Бейбарыс солардың керемет бір өкілі дер едім.

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері бұл сапарда Египет жерінде Ұлы даладан барған Мәмлүктер династиясына қатысты деректерді жинақтап қайтты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер