ҚР Ұлттық экономика министрлігі: 2017 жылдың экономикалық даму қорытындысы - Kazakh TV

«Қазақстандық өнеркәсіптің қуаты артып, әртараптандырылды». 2017 жылды қорытындылаған ҚР Ұлттық экономика министрлігі осындай тұжырым жасады. Сонымен бірге, салалық мекеменің мамандары еліміздің сыртқы саудасында да негізгі көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалғанын атап өтті. Қазақстанның ЖІӨ орта есеппен 4 пайызға өсті. Ал осы жылдың макроэкономикалық көрсеткіштері мұнай бағасын ескере отырып жаңартылады. 2018 жылға белгіленген тағы бір міндет – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. 

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мұнай бағасы биылғы жылға 1 баррель үшін 45 АҚШ доллары деп бюджетте бекітілді. Бүгінде ол 60 доллардан асып отыр. Ал БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қорының ортақ болжамы 58 доллар төңірегінде. Сондықтан біз биылғы бюджетте қандай шынайы болжамға сай бағаны қарастыру үстіндеміз. Қазақстандық экспорттың көлемі едәуір артты, әлі де арта түседі. Өнеркәсібіміз күшейді, әоі де дами түсетініне сенімдіміз.

Сарапшылардың болжамынша, 2018 жылы қазақстандық тауарлардың экспорты арта түседі. Бүгінде Иранмен еркін сауда туралы, ал Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келіссөздер нәтижелі аяқталды. Сонымен бірге, Израиль, Сербия, Үндістан елдерімен де осы бағыттағы келісімдерге қол жеткізу көзделген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша,  Қазақстанның экспорттық жеткізілімдерінің жалпы көлемі 32 пайызға артып, 43 млрд АҚШ долларын құраған. Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің экономикаларын цифрландыру жайын айтты. Бұл шаралар үшінші елдердің нарығына шығу мүмкіндіктерін кеңейте түседі, дейді олар.

БАУЫРЖАН БЕКЕШЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Еуразиялық Экономикалық Одақ өзара тиімді сауда келісімдері арқылы қазақстандық өнімдерді үшінші елдердің нарықтарына жеткізу мүмкіндіктерін көбейтеді. Мысалы, 2015 жылы еркін сауда туралы Вьетнаммен жасалған келісімнің арқасында аталған елге қазақстандық экспорт көлемі былтыр 20 есеге артып, 274 млн долларға жетті. Иранмен еркін сауда туралы және Қытаймен сауда ынтымақтастық туралы келіссөздер де нәтижелі аяқталды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер