Елбасы Н. Назарбаев қытайлық CCTV телеарнасына сұхбат берді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді. Онда Елбасы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық, «Нұрлы жол» мен «Бір жол, бір белдеу» бағдарламаларының тоғысу аясындағы өзара ықпалдастыққа ерекше назар аударды.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - «Қорғас» құрғақ портының және Қазақстанның оңтүстігін Еуропамен байланыстырған теміржол тармағының, оған қоса, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің құрылысын аяқтадық. Бүгінде сол жобалардың игілігін көріп отырмыз. Сондай-ақ «Қорғас» айлағымен бірге Тынық мұхитындағы Ляньюнган портында терминал құрылды. Соның арқасында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен шыққан контейнерлер Еуропаға 12-15 күнде жетеді. Ал теңіз жолымен тасымалға 2,5-3 есе көп уақыт жұмсалады. Яғни, тиімділік жоғары. Контейнерлер саны жыл санап артып келеді. Бұл Қазақстан үшін тиімді және осы белдеудің айналасында кәсіпорындар құрылып, дамып жатыр. Бұдан өзге, бұл жол бізге Каспий теңізінен Иран арқылы Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік берді.