Өзбекстан-Қазақстан: БАҚ әріптестігі

Өзбекстан-Қазақстан: БАҚ әріптестігі

Өзбекстандық төртінші билік өкілдері қазақ журналистерімен тығыз байланыс орнатуға әзір. Оңтүстіктегі көршілеріміз ақпарат айдынында бірлескен «Жол картасын» жасамақ. Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаев Өзбекстан ұлттық теле радио компаниясымен кездескен соң мәлімдеді. Өзбекстан ұлттық арнасы басшысының мәліметінше, қазіргі таңда «Хабар» Агенттігі мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы арасында өзара меморандум түзіліп жатыр. Қос тарап екі республикалық арнаның ақпарат кеңістігінде жеткен жетістіктерін атап өтті. Бұдан бөлек, танымдық бағдарламалар алмасу жайы да сөз болды. Болашақта екі тілде ақпарат тарататын радио ашу мәселесі көтерілді. Өзбекстанда қазіргі таңда мемлекетке қарайтын 13 жуық республикалық арна, 4 радио  жұмыс істейді. Барлығы біртіндеп цифрлы арнаға ауысып жатыр.    

НОДИР ТУЛЯГАНОВ, «ӨЗБЕКСТАН 24» АРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Жұмыс шын мәнінде де көп болады. Бұл ақпарат кеңістігі болсын, бірлескен жоба құруда болсын. Ортақтасып  сериалдар түсіру тұрғысынан алып қарағанда да жұмыс көп. Екі ел халқы үшін қызықты болатын бірлескен тақырыптық бағдарламаларды құруға қатысты да бастамалар болуы мүмкін.

ЕРІК ӨТЕМБАЕВ, ҚР ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Біз жаңа бірлескен бағдарламалар мен тақырыптық туындылардың  түсірілуіне  куә боламыз. Ол ғылым мен туризмді дамытуға негізделген арнайы бағдарламалар болады. Ең негізгісі біз жаңа ақпараттық кеңістік құрамыз. 2018 жыл - үлкен ақпарат алмасу жылы болады, деп ойлаймын. Осыған байланысты  цифрлық технология мен  телеарналардың  маңыздылығы артады.

Сондай-ақ  Қазақстан мен Өзбекстан ақпараттық технологиялар саласындағы әріптестігін де нығайтпақ.  Осы бағыттағы қос меморандумға ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев пен Өзбекстанның ақпараттық технологиялар министрі Шераз Шерматов қол қойды. Бұл құжаттар жоғары технологиялар саласындағы жетістіктерді еселеп, іскерлік байланыстарды кеңейтуді, бағдарламалық қамтамасыз етуді өндіру және мамандарды даярлау салаларын дамытуды көздейді.