Кувейт инвесторлары Қазақстанның ұлттық кітапханасын жаңғыртуға 80 млн АҚШ доллар инвестиция құймақ

Кувейт инвесторлары Қазақстанның ұлттық кітапханасын жаңғыртуға 80 млн АҚШ доллар инвестиция құймақ. Ұлттық кітапхана басшысы Жанат Сейдуманов пен «Нобел Гроуп» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Халед Сумайтовтың кездесуі барысында сәйкес келісімге қол жеткізілді. Қаржылық қолдаудың нәтижесінде оқырман қауымның игілігі үшін кітапхана ғимараты кеңейіп, заманауи оқу залы мен интернет және конференция залдары, жабық паркинг қолданысқа беріледі. Жоба аясында қызметкерлерге арналған жатақхана мен қонақ үй салу да қарастырылған. 

ХАЛЕД СУМАЙТ, «НОБЕЛ ГРУП» КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Мен ресми шақыртумен Алматыға барып, Ұлттық кітапхананы араладым. Ондағы мақсатым - бұл іргелі ғимаратты қайта құру және жаңғырту жобасымен кеңінен танысу болатын. Біздің компания жобаны қолға алып, қаржыландыруға әзір. Ол үшін алдын-ала келісім де жасалды. Қазақстан әлеуеті зор мемлекет. Біздің жоба аясындағы іскерлік байланыстарымыз Қазақстан мен Кувейттің екіжақты қарым-қатынасына серпін береді деп сенеміз.

ҒАБИТ САДЫРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРХИТЕКТОРЫ:

 - Ұлттық кітапхана – мәдениет ошағы. Мұнда халықаралық конференциялар мен көрмелер өткізіліп тұрады. Қызмет көрсету аясы оқу залдары мен кітап берумен шектелмейді. Интернет іске қосылып, ақпарат алу және оны беру ауқымы кеңейген. Осыған байланысты ғимараттың жаңа технологиялық схемасы жасалды. Оған кеңселер, көрме залдары, конференция өткізуге арналған залдар, тағы басқасы кіреді. Бұл үшін жаңа корпустар салу қажет.