Сирия мәселесіне арналған кезекті халықаралық кездесу ақпан айының соңында Астанада өтеді. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді. Астана процесінің кепілгер-мемлекеттерінің өкілдері берген ақпаратқа сәйкес, тараптар Астанада келіссөздердің кезекті раундын өткізуге дайындық жұмыстарын бастап кетті. Кездесу шамамен ақпан айының жиырмасына қарай жоспарланды. Ал бұған дейін Астана процесі аясындағы кездесу 21-22-желтоқсанда өткен еді. Нәтижесінде Ресей, Иран және Түркия бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және іс-түссіз жоғалғандарды іздестіру жөніндегі жұмыс тобының жұмыстары айтылған. Сонымен қатар, Сириядағы гуманитарлық минасыздандыру туралы бірлескен мәлімде жасалды.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Біз Сириядағы ахуалды бейбіт тұрақтандыру бойынша Астана процсінің барлық кепіл елдерімен тұрақты байланыстамыз. Шетелдік әріптестерімізден түскен ақпаратқа сәйкес, тараптар Астанада келіссөздердің кезекті раундын өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала келісілгендей, ол шамамен ақпан айының жиырмасында өтуі мүмкін. Қазір кепіл мемлекеттер күн тәртібін пысықтап жатыр.

Сириядағы қақтығыс – жаһан жұртын алаңдатқан мәселе. Сол себепті Астана процесінің әр кезеңіне мән берілді. Елорданың қақтығысушы барлық тараптарды бір алаңда жиған алаңға қалай айналғаны туралы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай баяндайды.

ЦИТАТА:

«Барлық жағдайларды сараптай келе және өтіп жатқан оқиғалардың жаһандық маңызын түсінгендіктен, мен қол ұшын созуға шешім қабылдадым және келіссөздер үшін бейтарап орын санатында Астананы ұсындым. Қазақстанның бастамасы Ресей мен Түркияның көзқарастарымен сәйкес келді де, ұсыныс қабылданды. Бұл – дүниежүзі қауымдастығы Қазақстанға сеніммен қарайтындығын, оны сенімді, тұрақты, ашық әріптес санайтынын, Астананы жауапты диалог үшін тиімді орын ретінде қабылдайтынын аңғартады. Сондықтан да Астана алаңы – жаһандық және аймақтық тұрғыдан қарағанда да ең тиімді нұсқа болды».

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер