Қазақстан экономикасының дамуы

Қазақстан экономикасының дамуы

Қазақстанның, өткен жылғы экономикалық өсімі 4% көтеріліп, инфляция 7% азайды. Ал сыртқы сауда айналымы 69,5 млрд долларға өскен. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында белгілі болды. Атап өтер тағы бір жайт, Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасының 55 қадамы орындалып, қажет деп танылған 74 заң енгізілген. Енді қалған қадамдарды жүзеге асыру шарт. Ал былтыр тұрақты 107 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жаңа еңбек кодексі енгізілді. Үкімет басшысының есебінше, мемлекеттік бюджет - 99 % игерілді. 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Үкімет пен әкімшіліктердің бірлесіп істеген жұмысның арқасында менің бағалауым бойынша дұрыс нәтижелерге жеттік. Экономиканың өсімі 4% болуы, инфляцияның 7% болуы біз үшін алынған жаңа белес болып саналады. Сондықтан мен бұл жағынан Үкіметтің жалпы отырысында әрбір үкімет мүшелеріне оң бағамды бергенім дұрыс деп санаймын. Халықта солай деп ойлайтын шығар. Сондықтан бүгінгі жиналыс бір жағынан өткен жылдың қорытындысын халыққа тағы жария ету, одан кейін алдымызда тұрған міндеттерді анықтау болып саналады.

Алқалы жиында атқарылуы тиіс міндеттер де сөз болды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, еліміздегі салық пен кедендік түсімдер мөлшері 2025 жылға қарай қосымша 6 трл теңгеге ұлғаяды. Бүгінде салықтық түсімдер жалпы ішкі өнімнің 17% құрайды, межелі уақытта 25 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек «Астана 1» ақпараттық жүйе іске қосылып, импорттық құжаттарды рәсімдеу уақыты 5 минутқа қысқармақ. Бұл бюджетке 12 млрд теңге түсіреді деп жоспарлануда.