Қазақ телевизиясына – 60 жыл

Қазақстанда көгілдір экранның сәуле шашқанына биыл – 60 жыл. 1958 жылы қазақ телевизиясының іргетасы қаланды. Сол жылы наурыз айында Алматы студиясынан алғашқы хабар берілді. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қарапайым отбасы үшін теледидар деген қолжетімсіз дүние еді. 60-шы жылдардың басында Алматы қаласының өзінде тек 4 мыңға тарта теледидар болыпты. Шағын ғана аппараттар кеңестік азаматтардың өмірін қызықты ете түсті. 

Қазақстандық журналистика саласының майталманы Ғаділбек Шалахметов телевизия әлеміне алғаш рет 1963 жылы келгенін айтады. Сол кезде Политехника институтының студенті жаңа саланың қыр-сырын бірден түсіну оңайға соқпағанын еске алады. Дей тұра ынталы жас тәжірибелі әріптестерінің ақыл-кеңесіне құлақ асып, таңдаған мамандығына етене араласып кетеді. Осылай өзінің қатарластарына арналған алғашқы «Құрдастар» атты бағдарламаны экранға шығарады. Техникалық білімі жаңа кәсібіне әрдайым қолғабыс етіп жүреді. Мәселен, Екібастұз қаласында салынып жатқан электр станциясының жүйесін кеңес халқына түсінікті етіп жеткізу кезінде жоғары білімнің қажеттілігін ұғынған. Қазір де тәжірибелі маман үйреншікті әдетінен жаңылмаған. Осы текті көптеген естеліктерін қағаз бетіне түсіріп, қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай кітап шығаруды қолға алыпты.

ҒАДІЛБЕК ШАЛАХМЕТОВ, ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ, АКАДЕМИК:  

- Совет Масғұтов, Ласкер Сейітов, Алевтина Попова, Светлана Татенко. Бұлар – қазақ телевизиясының алғашқы дикторлары. Біз барлығымыз бірігіп отандық журналистика саласын дамыту үшін еңбек еттік. Міне сол кезден бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Мерейтойлық датаға орай сол адамдар және кейінгі толқын, Диас Омаров, Мадрид Рысбеков, Жарқын Шәкәрімов, Құсман Игисинов сынды бірталай азаматтардың қазақ телевизиясына қосқан үлесін ескеру керек.  

Ғаділбек Шалахметов ол кезде телевизияда жүрген әріптестері ортақ іске жұмыла кірісіп, әрбірі жаңа ойлар мен тың үрдістер еңгізуге талпынғанын айтады. Журналистер әрдайым шығармашылық ізденісте жүрген. Негізінен көрермен сұранысына әңгімелер, телеочерктер, өзекті мәселелерге арналған бағдарламалар телекөпірлер мен телевизиялық рейдтер ие болыпты. Қаламы қарымды тілші бүгінгі ізбасарларының атқарып жатқан шаруаларына ризашылығын білдіреді. Қазіргі отандық телевизия саласы кеңестік дәуірдің сынағынан өткен үздік тәжірибесін ендіріп, лайықты деңгейде жалғап келетінін айтады.

ҒАДІЛБЕК ШАЛАХМЕТОВ, ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ, АКАДЕМИК:  

– Арада 60 жыл өтті. Мен мына жаңа камера мен сіздердің жұмыстарыңызға қарап біздің еңбектің зая кетпегенін көріп отырмын. Қазір қазақ телевизиясы тек өзімізде ғана емес сырт елдергеде танылып жатыр. Журналистердің шетелдерден жасаған репортаждарын қызыға тамашалаймын. Мәселен Елбасының БҰҰ кездесулерден ақпарат тарататын біздің жастарымыз ағылшын тілінде еркін сөйлеп тұр. Сондықтан біз бастаған қазақ телевизиясының әлемдік деңгейде танылуы үлкен жетістік деп санаймын.

Ең алғашқы салмағы ауыр камералар мен студияға әрең сиятын телеқұрылғыларды қазір тек мұражайлардан көреміз. Бұл күрделі техника қазақ телевизиясы тарихының кәугерлері. Бүгінгі шағын, қолайлы, сапалы әрі санқилы мүмкіндігі бар цифрлық телевизияға дейін өзгеру дәуірін кешкен сала шығармашылық жолдың түрлі кезеңдерінен өтті. Сол игі істі бастаған Ғаділбек Шалахметов сынды журналистика ардагерлері.