Қазақстан мен Өзбекстан білім саласындағы ынтымақтастығын тереңдете түспек. Енді Өзбекстанның жоғарғы оқу орындары қазақстандық білім беру мекемелерімен бірлесіп маман даярламақ. Көрші ел бүгінде мұнай-химия және агроөнеркәсіп саласына ерекше басымдық беріпті. Осы негізде білім алушы жастар арасында ғана емес жоғары білікті кәсіби мамандар мен профессорлар арасында да өзара байланыс орнап, ашық алаң құрылады. Күн тәртібіндегі бұл мәселелер Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаев пен Өзбекстанның Жоғарғы және арнайы орта білім министрінің кездесуінде талқыланды. Қазірдің өзінде екі елдегі 20-ға жуық білім ошағы келісімге қол қойған. Нәтижесінде бірнеше қазақ жастары сол елде білім алып жатыр. Ал Қазақстанға келіп оқимын деген түлектерге арнайы бір жылдық курс ашылған. Алдағы уақытта екі елдің жоғары оқу орындары туралы мағлұмат беретін орталық құрылмақ. Бастысы шетте оқыған жастардың қолда бар дипломын тану механизмі де жеңілдетілуі тиіс.

ИНОМ МАДЖИДОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ОРТА БІЛІМ МИНИСТРІ:

 - Дипломдарды стратификациялаудың стандартты процедуралары бойынша  және оны тану мақсатында үлкен мәселе көріп тұрғаным жоқ. Сонымен қатар біз осы процедуралардың барлығын оңтайландырамыз. 

ЕРІК ӨТЕМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бүгінгі таңда біз Министрмен студенттерге үлкен үрдістерге қатысуға мүмкіндік беретін жаңа бастамалар туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Жоғарғы оқу орындары аймақтық ынтымақтастық негізінде жаңа технологияларды дамыта отырып, орталықтар құруға мүмкіндік береді. Университеттердің өзара байланысы бірлескен ғылыми жобалардың да жүзеге асуына мұрындық болады. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан білім саласындағы мол тәжірибесін қолдана отырып, агроөнеркәсіп пен мұнай-химиясына қажетті мамандарды дайындау туралы келісімге қол жеткіздік. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер