Қазақстан теңізбен жүк тасымалын ұлғайтты. Ел аумағында орналасқан Ақтау теңіз айлағы арқылы ғана емес, сонымен қатар Қытай, Әзербайжан, Латвия порттары арқылы шет мемлекеттерге жөнелтілетін қазақстандық жүк көлемі өскен. Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында Ресейдің ішкі су жолдарына жеңілдетілген транзит тәртібін енгізу туралы келісім де тауар тасымалын арттыра түспек. Осылайша қазақстандық сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңыздылығы да күшейді. Бұл мақсатта ҚР Парламентінің Мәжілісі «Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Хаттаманы бекіту Қазақстанның сауда кемелерінің ашық теңіздегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Бүгінгі күні 40-тан астам мемлекет хаттаманың қатысушысы болып табылады және олардың ішінде Қара теңіз, Балтық теңізі маңындағы барлық мемлекет бар. Қазір Қазақстанның сауда кемелері сол теңіздердің порттарына дейінгі бағыттарды белсенді түрде игере бастады. Өткен 2017 жылы Ақтау портынан Түркия порттарына 35 мың тонна басты жүктер тасымалданды. Биыл бұл тасымалдың көлемін үш есе арттырамыз деп жоспарлап  отырмыз. Сонымен қатар биылдан бастап Қара теңіз бен Балтық теңізінің «Теңізшевройл» зауытының құрылысына қажет габаритті емес жабдықтарды тасымалдау жоспарлануда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер