«Хабар» Агенттігі 2017 жылды қорытындылап, 2018 жылғы жоспарларымен таныстырды

2018 жылдың 8 ақпаны күні Астана қаласы Орталық коммуникациялар қызметінде «Хабар» Агенттігі басшылары – Басқарма Төрайымы А. Ахметжанова, Басқарма Төрайымының орынбасары Р. Кертаев, «Хабар» арнасының директоры Е. Игісінов, «Хабар 24» арнасының директоры А. Сеитмамыт және «Kazakh TV» арнасының директоры С. Рақымжанованың қатысуымен брифинг өтті.

Спикерлер журналистерді Агенттік және оның арналарының бір жылдық қызметтерінің нәтижесімен, сондай-ақ 2018 жылға жоспарланған жаңа жобалары мен іс-шаралары туралы таныстырды.

АЛМАГҮЛ АХМЕТЖАНОВА, «ХАБАР» АГЕНТТІГІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

 - 2017 жылы Агенттік Акционерлері мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бекіткен Агенттіктің 5 жылдық стратегиялық дамуын жүзеге асыру жалғасын тапты. Аталған стратегия аясында Агенттік телеарналарының таралым саясатына, сондай-ақ ұйымның бизнес-процесіне түзетулер жүргізілді. Бұл арналардың контентін жақсартуға, Агенттік қызметін оңтайландыру және жұмыс тимділігін арттыруға мүмкіндік берді.

РИНАТ КЕРТАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Агенттік арналары 2017 жылы халықты мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру үшін нақты жұмыс жасады. Осы мақсатта жаңа тележобалар іске қосылды, оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айтуға болады, Агенттіктің шығармашылық тобы қазіргі таңдағы ең маңызды мәселелерді деректі фильмдерге арқау етті, сонымен бірге телеарналар ірі форумдарға ақпараттық қолдау көрсетіп, халықаралық және жергілікті іс-шараларды таратты.

2017 жылы Агенттік мамандар дайындау және олардың біліктілігін арттыру жұмысын әрі қарай жалғастырды. Осы мақсатта «TRT» телерадиокомпаниясы, «Anadolu» ақпарат агенттігі және «France 24» телекомпаниясымен келісім жасалды. Қызметкерлер «Дыбыстық инженерия», «Операторлық шеберлік», «Жарық беруші шеберлігі», «Әскери журналистика», «Энергетикалық журналистика» және т.б. бағыттар бойынша білім алды. Жыл қорытындысы бойынша Қоғам қызметкерлерінің 70% білім алып, біліктілігін жетілдірген.

Әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар арасында – «Давайте говорить!», «Білу маңызды», «Біздің назарда», «Ана мен бала» және т.б. бағдарламалар бар.

Өткен жылы арнаның тапсырысымен 14 телехикая түсірілген. Олардың арасында «Қария», «Мезгілсіз махаббат», «Ана жүрегі» және басқалары бар. Ал «Өгей жүрек» (2016) телехикаясы «ABU Prizes» халықаралық байқауында қазылардың арнайы сыйлығына ие болды. Арнаның  дистрибьюторлық қызметінің нәтижесінде Моңғолия, Ресей, Қытай және Оңтүстік-шығыс Азияның 9  елінде телехикаялар мен бағдарламаларды трансляциялау құқығын беру туралы келісім жасалды.

2017 жылдың күзінде арна жаңалықтарының шығарылымы көбейді. Сонымен қатар сараптамалық бағдарламалар, арнайы репортаждар дайындау жұмыстары да жалғасып жатыр.

Өткен жылы арна эфирінен 37 279 жаңалықтар материалы шыққан, бұл 2016 жылмен салыстырғанда  4 568 материалға артық. Сондай-ақ 991 рет тікелей қосылымға шығып, алдыңғы жылғымен салыстырғанда жоғары көрсеткішке ие болды.

2017 жылы «Хабар 24» арнасы тікелей эфирлерінің саны артып, шетелдегі тілшілер қосынына Ташкент қаласындағы бөлімше қосылды. Халықаралық тілші-фрилансерлер жүйесі құрылды.

САНДУҒАШ РАҚЫМЖАНОВА, «KAZAKH TV» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Арнаның ең маңызды өзгерісі үш тілде хабар тарататын жеке дыбыстық жолдары бар жаңа форматқа көшті. Бұл біздің аудиториямызды кеңейте түсті, сондай-ақ көрерменге таңдау жасауға мүмкіндік берді.       

Эфирдің контенті 50% жаңарып, 60 аса телевизиялық бағдарламалар топтамасы шығарылды. Таралымды HD  форматқа ауыстырып, Интернет арқылы арнаның сигналын тарату жүзеге асырылды.  

2017 жылдың наурыз айында Агенттік құрамында «Ел Арна» - Алғашқы Қазақстандық киноарнасы пайда болды. Арна эфирінде отандық өндірушілердің көркем және деректі фильмдері көрсетіледі. Осы уақыт аралығында телеарна халықаралық және республикалық кинофестивальдерге ақпараттық қолдау көрсетті.

9 ақпаннан бастап «Хабар» арнасында Пхёнчхан қаласындағы Қысқы Олимпиада ойындары көрсетіледі. Ойындардан хабар тарату үшін Оңтүстік Корея еліне екі шығармашылық топ жіберілді. Арна эфирінен жарыстар тікелей эфирде және алдын-ала жазылып біріледі, сондай-ақ күн сайын арнайы күнделіктер дайындалады.

Сонымен қатар 2018 жылдың наурыз айында «Батырлар жолы» және «Шестой пост» телехикаялары көрерменге жол тартады.  Жалпы жыл соңына дейін бірнеше жанрдағы телехикаялар түсіру жоспарланған.

«Хабар 24» телеарнасы тікелей қосылымдар санын арттыру, сондай-ақ эфирде және сайтта ақпараттарды жариялауда жылдамдықты күшейту бойынша жұмыстарын жалғастырады. 

«Kazakh TV» арнасында қосымша екі дыбыстық жолдарын қосу жоспарлануда. Сонымен бірге «Символы Азии» арнайы айдары және 4 халықаралық жобасы көрсетілімге дайындалуда. 

«Ел Арна» телеарнасы лицензиялық өнімдердің санын арттырып, өз өнімдерін дайындау бойынша жұмысты жалғастырады. Сонымен қатар міндетті каналдар қатарына қосу жоспарлануда.