Қазақстанда отандық туризмнің әлеуетін арттыру үшін кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Бүгінгі таңда ел үкіметі бұл саланың 4 бағытын дамыта түсуге ден қойған. Бұның барлығы ұлттық туристік қызметтің негізіне айналмақ. Атап айтсақ, этно, эко саяхаттар ұйымдастырып , көшпенділер мәдениетін насихаттау, спорттық және ойын-сауық шаралар бойынша жаңа турлар құруға басымдық беріліп отыр. Бұл орайда Қазақстандық жауһарға айналған Бурабай курорттық аймағын жаңғырту көзделуде. Жоспарға сәйкес тұмса табиғатымен ерекшеленетін мекен алдағы екі жылда толықтай жаңғыртылмақ.  Жоба құны - 60 млрд теңге.

РАШИД КҮЗЕМБАЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Курортты аймақта  бірнеше заманауи қонақ үйлер тұрғызылады. Олар салауатты өмір салтын ұстанатындар, жастар мен отбасылардың қайсысының болсын талғамына сай түрлі санаттағы адамдарға арналады. Бұған қоса жаңа демалыс аумағында ойын-сауық орталықтары, аквапарк, мұз айдыны, мейрамханалар бой түзейді. Жобаның үшінші кезеңінде үйлер салынып, жеке резиденциялар орналасады. Биыл инженерлік желілер жаңғыртылып, су, электр қуаты тартылып, суағарлар қалпына келтіріледі, жаңа жолдар төселеді.  Бұған атсалысуға ниет танытқан инвесторларға жол ашық. Бурабайды көркейте түсуге бағытталған жобалары болса кәсібінен нәсіп табуға бар мүмкіндіктер қарастырылған. 

Құрылысқа қажет деген 233 гектар жер телімі де орайластырылып қойылыпты. Жаңа демалыс аумағы Үлкен Шортанды және Текекөл көлдерінің аралығында орналасатын болады. Ендігі кезекте нақты іске көшетін инвесторларды айқындау жағы қарастырылып отыр. Әзірге Ресей, Польша, Араб елдері мен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің бизнес қауымдастықтары қызығушылықтарын білдірген. Шамамен бұл бастамаға сырттан 500 млн. доллар құйылады деп көзделуде. Айта кетейік, жаңа курорттық аймақтың жобасын испандық консалтингтік компания әзірлеп жатыр. 

КРИСТОФ ДЕ БРЮИН, ТУРИЗМ САЛАСЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ /ИСПАНИЯ/:

 - Курорттық аймақтың жаңа бизнес модель құрылады.Оның құрылысы 4 кезеңмен жүргізіледі. Бұл жерде қонақ үйлермен қатар ойын сауық, демалыс орындары салынады. Есесіне аймаққа туристердің қызығушылығы артады. Одан түскен пайда өңірдің даму көрсеткіштерін арттыра түсетініне сенімдімін.

Осылайша демалыс орны жыл он екі ай қонақтарын қарсы алуға қауқарлы болмақ. Алдағы уақытта бес бірдей бес жұлдызды отель, аквапарк, шаңғы базасы, биатлон алаңы, мұз айдыны мен ойын сауық орталықтары ашылады. Жаңа нысандар мен ғимараттар барлық экологиялық талаптарға жауап беретін болады дейді, жоба авторлары. 

АРЫСТАН МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - Қазір мұнда «Қазақстандық Лапландия» атты ойын сауық орны жұмыс істеп тұр. Елбасының бастамасымен ашылған «Елікті Саябақ»,  тау-шаңғы базасы мен Абылай Хан кешені бар. Бұның бәрі Бурабайда тәулік бойы туристер ағынын қарсы алу қамында жасалып жатыр

Мамандардың айтуынша, жоба Қазақстанның жауһарына айналған құтты мекендегі демалыстың сапасын жақсартып, қызметін қолжетімді етуге бағытталған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер