ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген «Қожа Ахмет Ясауи жылы» Ыстамбұлда қорытындыланды

ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген «Қожа Ахмет Ясауи жылы» Ыстамбұлда қорытындыланды. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыздың айтуынша, соңғы екі жылда әлемнің 8 елі мен 14 қаласында ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған 400-ге жуық ғылыми-практикалық конференция мен семинарлар, келелі кездесулер ұйымдастырылды. Рухани шара әсіресе, Түркияда кең көлемде аталып өтті. Ыстамбұл әкімдігінің қолдауымен қаланың ортасындағы Түркі әлемі ауданында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің макеті ашылды. Сонымен қатар, түркі халықтарының ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауи туралы түрік жазушысы Алпер Қаған Үчер «Sarp Yokuş» атты роман жазды. Ғұламаның ғибратты ғұмырын ардақтаған Түркия мемлекеті бір ғана Ыстамбұл қаласында мектептер мен колледждерге, жоғары оқу орындарына Қожа Ахмет Ясауи есімін берген.

МҰСА ЙЫЛДЫЗ, Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХҚТУ ӨКІЛЕТТІ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - «Қожа Ахмет Ясауи жылы» аяқталғанымен, біз әйгілі ойшылды зерттеуді, оның еңбектерін елге насихаттауды тоқтатпаймыз. Осы күнге дейін бірқатар маңызды дүниелерді іске асырдық. Алматы мен Астана қалаларында өте мазмұнды симпозиумдар, Қырғызстан мен Әзірбайжанда түркі дүниесінің зиялы қауым өкілдері мен ғалымдарының қатысуымен ғылыми конференциялар ұйымдастырдық. Болашақта да осы іспетті жұмыстар жалғасын табады.

КЕМАЛ КАРТАНЕР, ТҮРКІ ДҮНИЕСІ МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының мәдени, рухани өміріндегі орны бір төбе. Ол Анадолы жерінде ислам өркениетінің кеңінен таралып, қанат жаюына ықпал еткен бірден-бір тұлға. Сондықтан ұлы ғұламаның өмір жолы мен ғылыми еңбектері Түркияда ерекше әспеттеледі. Біздің орталықта «Қожа Ахмет Ясауи жылы» аясында киіз үй үлгісінде музей ашылды. Онда тайқазан мен Ясауи кесенесінің макеті орналасқан. Оны тамашалауға біздің орталыққа қала қонақтарынан бөлек ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары арнайы келеді.

Ясауи ілімін ұрпаққа насихаттау мақсатында оның хикметтерінен өрілген ертегі кітаптар да жарық көрді. Ал тырнақалды туындысы деп есептелетін «Диуани хикмет» еңбегі көру және есту қабілетінен айырылғандар үшін арнайы әзірленіп, оқырман қауымға жол тартты.