Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым қатынас тәуелсіздік алған жылдардан бері нәтижелі дамып келеді. 1993 жылдың ақпанында орнаған әріптестікке биыл - 25 жыл. Әріптестік туралы келісім шартқа 1995 жылы қойылса, 2005 жылы Астанада жаңа «кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім шарт» жасалды. Бүгінде Одаққа мүше елдер мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс жоғарылап, қорғаныс салаларындағы ынтымақтастық биік деңгейге жетті. Айта кетейік, мемлекетіміздің сыртқы саудасының үштен бір бөлігі осы Одақтың үлесінде. Өткен жылдың көрсеткішімен 2016 жылды салыстырғанда сауда айналымы 3 есеге өскен екен. 

ИВЕТА ГРИГУЛЕ, ЕП ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІМЕН БАЙЛАНЫС ЖӨНІНДЕГІ ДЕЛЕГАЦИЯ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстан қазір Еуропалық Одақпен осындай келісім шартқа қол қойған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Еуроодақ Қазақстанды осы аймақтағы ғана емес, сонымен қатар ғаламдық деңгейдегі сенімді әрі тұрақты әріптес деп санайды.

ЛЮК ДЕВИНЬ, ЕО СЫРТҚЫ ӘРЕКЕТ ҚЫЗМЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз Қазақстанның аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып отырған үлесін жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Еуроодақтың - Қазақстанның алғашқы сауда әріптесі әрі ірі инвесторы екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл сіздің елдің болашағына сеніммен қарайтынымызды білдіреді.

Қазақстан бизнес пен экономиканың дамуына, шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай жасап отыр. Ал еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты мен жүргізген реформалары жемісін беріп жатыр. Еуроодақ Астананың Сириядағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған белсенді бітімгерлік әрекетін де жоғары бағалайтынын жеткізді.

МИХАЭЛЬ ХАРМС, ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫ ШЫҒЫС КОМИТЕТІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Осы күрделі дағдарыста барлық тараптар Қазақстанның бейтараптығы мен адал арағайындығына сенімді. Бұл өте маңызды процесс. Егер ол сириялық қақтығысты шешуге қол жеткізсе, онда аймақтағы бейбітшілікті сақтауға үлкен үлес қосар еді.

Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығының елеулі нәтижелері, Астананың бітімгерлік іс-қимылы және ірі трансұлттық жобаларға қатысуы, сондай-ақ Еуроодақпен әріптестік туралы кеңейтілген келісімді жүзеге асыру өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі, дейді еуропалық сарапшылар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер