ҚР мен ҚХР білім саласындағы интеграция

Қазақстандық жоғары білім беру орындары шетелдік әріптестерімен тығыз байланыста. Ал мұндай қарым-қатынас ғылым көкжиегін дамытып, оны жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Отандық жоғары оқу орындарының көшбасшысы – Назарбаев Университеті Жібек жолы университеттері Алянсына мүше әрі Азия университеттері Альянсының құрылтайшысы саналады. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапарында «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастаманың ежелгі бағытын қайта құру идеясын дәл осы оқу ордасында ұсынған болатын.

СИ ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:

 - Экономикалық байланысты нығайту және  Еуразия елдерін дамыту жолында  әріпттестікті тереңдете отырып, ынтымақтастықтың жаңа моделін қолдану керек. Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру үшін күш  біріктірген жөн. Менің ойымша, бұл Ұлы Жібек жолындағы барлық елдердің халқы үшін  пайдалы болмақ.

Айта кетейік, бүгінде Назарбаев Университеті «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастама аясында кадр дайындау ісіне белсене қатысып жатыр.

ДАНИЭЛЬ ДУШМАНОВ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ МАРКЕТИНГ БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Маңызды мәселелерді талқылау үшін келген қонақтар бізге әркезде де ерекше әсер қалдырады. Алғашында толқу сезімдерін бастан кешірдім. Кейін Си Цзиньпин мырзаны көріп, екі ел қарым-қатынасы туралы пікірді өз аузынан естідім.

Назарбаев Университетіне жоғары лауазымды қонақтар жиі келеді. Қазақстанға келген барлық көшбасшылар аталмыш университеттің тыныс-тіршілігімен танысып кетеді. Білім ошағы әлемнің жетекші университеттерінің озық тәжірибелерін қолдайды, бір жағынан БҰҰ шағын үлгісі дерсіз. Мұнда 55 елден келген профессорлар мен оқытушылар білім береді.

ДИ ВАН, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Маған осы университетте білім алған ұнайды. Мұндағы оқытушылар құрамы да тәжірибелі. Қытайдағы көп студенттердің білмейтіні өкінішті. Мен осы оқу ордасында білім алуды ұсынар едім. Мұнда білім сапасы жоғары, оқу қызықты.

Ди Ванға Орталық Азия елдері аймағын зерттеп, арманының жүзеге асуына еліндегі альма матер мүмкіндік берген. Қытай студенттері қазақстандық университеттердің білім жүйесімен жақсы таныс. Назарбаев университеті аспан асты еліндегі әріптестерімен байланысты нығайта түспек.

ӘЛИЯ ҚАЙМОЛДИНОВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінде біз Цинхуа университеті, Фудана, Гонконг политехникалық университеті, Шанхай университеті секілді ЖОО-мен байланыс жасаймыз. Қытай ұлттық университетімен де әріптестік орнату жоспарда бар. Біз ынтымақтастық аясында өткен жылы екі жазғы мектеп ұйымдастырдық. Қытайдан 60-70 студент келіп, тәжірибе алмасты.

Айта кетейік, бүгінде Азия университеттерінің Альянсы 13 елдің 15 институтын біріктіреді. Олардың қатарында Назарбаев университеті де бар.