Жарты жыл ішінде елдегі 500 шақырымға жуық жол ақылы болмақ. Бұл тізімде Астана -Теміртау, Алматы - Қапшағай және Алматы-Қорғас тас жолдары. Олардың қатарына жыл сайын тағы да ақылы жолдар қосылады деп жоспарлануда. Бұл туралы көлік-логистика саласының дамуы жөніндегі республикалық кеңесте айтылды. Жалпы 2018 жылы 4 мың 200 шақырым жол төселіп, жөндеуден өтеді. Барлық облыстар қамтылған 23 жоба - «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Автомобиль жолдары комитеті төрағасының айтуынша, жергілікті жерлердегі жол сапасын 50 пайызға жақсарту қолға алынуда. Биыл бұл шараға 150 млрд теңге тартылмақ. Оның жартысын облыс әкімдіктері өтейді, қалғанын республикалық бюджет қамтымақ.

МЕРЕКЕ ПІШЕМБАЕВ, ҚР ИЖДМ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бюджеттен күтімді ұстауға қаржыны азайту үшін 2020 жылға дейін 6 мың 500 шақырымды ақылы жолға ауыстырып, жылда бюджеттен жолды күтіп ұстауға 30 млрд теңге жұмсалады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы осы бүгінгі істеп отырған жұмыстардың бәрі 2020 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдар 90 пайызы жақсы күтімді ұстауда жоспарлап отырмыз.

Жиында жүктер транзитінен жыл сайын түсетін табысты 2020 жылға дейін 5 млрд теңгеге жеткізу керектігі де сөз болды. Елдің көлік-логистикалық кешеніне осындай міндет жүктелген болатын. Бұл тұста Қытай-Еуропа-Қытай бағытында жүк тасымалының артуы маңызды рөл атқарады, - дейді сарапшылар. Өткен жылы бұл бағытта жүк тасымалы 2 есеге артқан. 20 мыңнан астам контейнер тасымалданған. Биыл бұл көрсеткішті тағы 2 есеге ұлғайту көзделуде.

АСҚАР МӘМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазіргі таңда елдің ІЖӨ-дегі көлік саласының үлесі - 8 пайыз. 2017 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4 % өсім көрсетті. Бұл тұста көлік секторының көрсеткіші 4,8 %. Соңғы 10 жылда көлік саласын дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 30 млрд АҚШ доллары шамасында.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер