Қазақстан  2018 жылы барлық салалар мен бағдарламаларды цифрлық бағытта дамытуға күш салады. Осы жылға бекітілген еліміздің  экономикалық саясаты осындай. Ең басты міндет – өткен жылғы экономикалық табысты еселеу, жағымды бизнес ахуалды қалыптастыру, салалар мен көлік-логистикалық инфрақұрылымдағы сандық технологияның көрсеткішін көбейту. Сарапшылар ел экономикасы биыл 4% даму көрсеткішін сақтап қаларына сенімді. Икемді салықтық жүйе құра отырып, тексерістерді төмендету арқылы орта бизнеске қолдау көрсету экомикалық саясаттың басым бағыты ретінде қала бермек.       

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Бизнесті құқықтық реттеу мәселесін жетілдіру заңнамалық деңгейде қарастырылады. Биыл бақыланатын 114 саланың 25-ін және қадағаланатын 18 саланың 3-еуін қысқарту жоспарда бар. Сондай-ақ жалпы тексерістерді 30 пайызға азайту да көзделіп отыр.

Бас банкир Данияр Ақышев Үкімет пен Ұлттық банк жүргізетін экономикалық саясаттан тек оң өзгеріс күтетінін мәлімдеді. Болжам бойынша биыл инфляция  деңгейі  5-7% пайызды құрауы тиіс. 

ДАНИЯР АҚЫШЕВ,  ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Ақша несие саясаты инфляция бойынша ең төменгі деңгейді сақтап қалуға бағытталады. Бұл шамамен 2018 жылдың соңында 5-7 % дәлізінде болмақ. Осы көрсеткішті қамтамасыз ете алсақ, 2020 жылға қарай инфляцияны 4 % дейін төмендетуге жасалатын нақты қадам болмақ.  

Экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тағы бір бағыт - көлік логистикасы. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында орталық-оңтүстік және орталық шығыс дәліздері құрылысы жалғасады. 500 шақырым жол ақылы жүйеге көшіріледі. Сондай- ақ биыл индустрияландырудың үшінші бес жылдығының жоспары жасалады. Оның негізінде экономикадағы жоғарғы технологиялық өндірістердің үлесі арттырылмақ. Агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Бұл мақсатта саладағы 101 мемлекеттік қызметті автоматтандыру көзделіп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер