Халықаралық қоғамдастық ҚР Президентінің ұсыныстары туралы

Жаһандық және уақтылы. Нью-Йоркте халықаралық сарапшылар Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалады. Саясаткерлер мен ғалымдардың пікірінше, G-Global әлемдік диалог алаңы 140 елден 30 мыңға жуық сарапшының басын біріктірген беделді халықаралық орталыққа айналды. Бірегей жобаны ұсына отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Эволюция, консенсус, жаһандық төзімділік, ашықтық және конструктивті көпполярлық» деп G-Global-дың негізгі мақсаттарын айқындады. Ақпараттық-коммуникативтік алаң әлемнің саяси, сараптамалық және іскерлік қоғамдастықтары тарапынан қолдауға ие болып, қарқынды жұмыс істеп жатыр.

АРИЭЛЬ КОЭН, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Біз жаһандық дағдарыстан шығу жолдарын іздеуіміз керек. Елдер бір-біріне сенбегендіктен және басқару секілді басқа да дағдарыстың салдарынан түрлі шиеленістер қалыптасып, кей жерлерде соғыс оты сөнбей тұр. Осыдан босқындардың да саны күннен күнге көбейіп келеді. Біз Йеменде, Африкада не болып жатқанын көріп отырмыз. Босқындардың басым көпшілігі Еуропаға қарай ағылып жатыр. Бұл жағдайдан шығу үшін мемлекеттер G-Global ұстанған, яғни бір-бірінің егемендіктерін, қызығушылықтарын сыйлауы тиіс.

КУРТ УЭЛДОН, АҚШ КОНГРЕССМЕНІ:

 - Қазақстан әлемде бейбітшілікке, экономикалық серіктестікке және қауіпсіздікке талпынған маңызды ел болды. Президент Назарбаев - әлемдік көшбасшы. Оның АҚШ-қа сапары мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы қазақ елінің беделін арттыра түсті.

Америкалық саясаткерлер, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың басшылары, журналистер, Қазақстанның қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері G-Global-дың күш-жігерін біріктіруде әлемдік қоғамдастық өркениеттің өзекті міндеттерін түсінуге мүмкіндік береді, - дейді.

МҰРАТ КӘРІМСАҚОВ, ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЛУБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - G-Global халықаралық жобасының тиімді түрде жүзеге асуына - қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы көшбасшыларының қолдауы өте маңызды. Қазір күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелер осы институттағы сарапшылардың пікірінсіз шешілмейді. Бұл серіктестікті G-Global негізінде жүргіземіз.