Ядролық қарудан азат әлем құру. Басқалар сескенген қуатты арсеналдан өз еркімен алғаш болып бас тартқан қазақ елінің батыл қадамы көпшіліктің көксегенінен дөп түскені анық. Қазақстан адамзатты дүрліктірген экстремизм мен терроризм сынды теріс ағымдарға қарсы күресте жұмыла әрекет етуге үндеп, халықаралық дау-дамайлар мен әскери қақтығыстарды реттеуде қол ұшын созды. Жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне өзіндік үн қосып, бейбіт жолмен шешуді ұсынды. Осылайша, Қазақстан әлемдік қауымдастыққа беделді бітімгер ел ретінде танылып келеді. Сыртқы саясаттағы еліміздің игі бастамалары Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында баян етіледі.

ҚҰРМАНҒАЛИ ДӘРКЕНОВ, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Халықаралық мәселелер бойынша Сирияға, Ресейге қатысты санкцияларға және Украинадағы жағдайға байланысты Қазақстан өзінің пікірін білдірді. Яғни біздің қазіргі кездегі мақсатымыз халықаралық тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және осы тұрғыда Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастыру.

Әлемдік діндер басшыларының елімізде бас қосуы мен Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін аңғартты. Биылғы қаңтар айында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуіміз – еліміздің бейбітшілік жолындағы саясатына әлем сенімінің енді бір жарқын белгісі. Кеңес мінберінен сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Кореядағы шиеленісті реттеу үшін мүдделі тараптарға келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін білдірді. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында осы текті Қазақстанның болашақтағы бағыт бағдары да айқын көрініс тапқан.

САНАТ КӨШКІМБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенділігі кітапта тыңғылықты кезең-кезеңге бөлініп айтылған. Еуразиялық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміз. Сонымен қатар, еңбекті мұқият оқыған адам оның беттерінен алдағы жылдары осы бағытта атқарылатын кешенді шараларымен таныса алады. Бұл бүгінгі жетістіктерімізді еселейтін болашаққа бағдар.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер