Дүниежүзілік банктің «Дуинг бизнес» рейтингінде Қазақстан 35-ші орынға көтеріліп, озық 30 елдің тізіміне енбек. Осы мақсатта жүргізілген реформалар ел ішіндегі іскерлік белсенділіктің барлық салаларына оң әсерін тигізеді, деп есептейді Ұлттық экономика министрлігіндегілер. Салалық ведомство өкілдерінің Алматыда кәсіпкерлермен өткізген кездесуінде елдегі бизнес ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды. Атап өтсек, республикада бизнеске қойылатын талаптардың жартысынан астамы негізсіз деп танылып, фискалдық органдар мен қаржы секторының функцияларына өзгерістер енгізілді. Екі жылда кәсіпкерлік субъектілерін тексерулер саны 45 пайызға төмендеді. 

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Біз бизнесті таңдаулы негізде тексеру институтынан толықтай арыламыз. Оның орнына профилактикалық бақылау келеді. Яғни, қандай да бір кемшіліктер болса, бірден жазалау шарасы қолданылмайды, тек ескерту жасалады, оны түзетуге мүмкіндік беріледі. Бұл заң жобасы туралы Мемлекет басшысы өз жолдауында да айтып өткен болатын. Сәуірде жұмысқа кірісетін құжат өз тиімділігін көрсетеді деп үміттенеміз.

Бәсекенің күшейгенін, еркін нарық пен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікті ескере отырып, отандық кәсіпкерлер бәсекеге қабілетті әрі барлық өзгерістерге бейім болуы тиіс, дейді мамандар.

РҮСТЕМ ЖҮРСІНОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бізде отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасы бар. Шын мәнінде, біз импорт алмастыру бағдарламасы туралы айтып отырмыз. Себебі, әр ел өз нарығын қорғайды. Қазір мәжіліс қарауында бірнеше заң жобасы жатыр. Солардың бірі индустриялық сертификат енгізуді қарастырады. Одан отандық тауар өндірушінің реестрі түзіледі. Сондай-ақ қазір барлық сатып алуларда алдын ала квалификация деген процесс енгізілуде. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер