Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы қарусыздандыру және оны таратпау үшін пайдалы. «Корея Геральд» газетінде осындай тақырыппен мақала жарық көрді. Оған еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қаңтар айындағы төрағалығы кезіндегі қызметі арқау болған. «Бұл жетістік – алты жыл бойы жоспарлы түрде жүргізілген қазақстандық дипломатияның нәтижесі», деп жазады журналист Джоэл Ли. Ол республиканың бітімгерлік бастамаларына, арағайындық іс-қимылына тоқталып өткен. Соның ішінде Иранның ядролық мәселесі, ресей-түрік қақтығысы, Украинаның шығысындағы дағдарыс және Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі әрекеттерін атайды. Алайда әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолындағы тәуелсіз Қазақстанның аса маңызды шешімі ретінде ядролық арсеналдан бас тартуы екенін жазыпты.

ДЖОЭЛ ЛИ, «KOREA HERALD» ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІ:

 - Бүкіл халықаралық қоғамдастық Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуын талап етеді. Бірақ мұндай істің үлгісі болып табылатын елдер жоқ. Ал Қазақстан - ядролық қарудан бас тартып, Оңтүстік Корея сияқты жылдам экономикалық өсімге қол жеткізді. Сондықтан, менің ойымша, Президенттің ұсыныстары өте уақтылы және Солтүстік Кореяға жақсы мысал бола алады, өйткені, жағдай шынымен де бақылаудан шықты.

Джоэл Лидің айтуынша, республикамыз Орталық Азиядағы ең дамыған ел және көпвекторлы саясатымен әлемге танымал. Сондықтан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыныстары әлем қауымдастығы тарапынан қолдауға ие болары анық, дейді журналист. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер