Елімізде азаматтық авиацияның аяқ алысы жақсы. Оған өткен жылы 7 млн 400 мың жолаушының әуе тасымалдаушылар қызметін пайдаланғаны дәлел. 2016 жылмен салыстырсақ көрсеткіш 23 пайызға өскен. Бүгінде мемлекет тізімінде 913 ұшақ бар, ал осы жылы әуе паркі 9 ұшақпен толыға түспек. Елбасы АҚШ-қа жасаған сапарында жалпы сомасы 1,3 млрд доллар болатын келісімшарт жасады. Атап айтсақ, «Скат» әуе компаниясы алты «Boeing 737 MAX8» ұшағына тапсырыс берді. Әуе кемелері 2018 жылы наурызда елімізге жеткізіледі. Ал «Эйр Астана» ұлттық әуекомпаниясы 2021 жылғы жоспарында үш «Boeing 787 Dreamliner» ұшағын алуды жоспарлапты.

ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР ИДМ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Кішкентай ұшақтарды алуға тырысып жатырмыз. 20 жолаушы сиятын ұшақтар. Биылғы жылдың аяғына дейін, 20 ұшақ әкеліп, Қазақстанда тіркеп, әрі қарай сол ұшақ арқылы облыс араларында, ішкі рейстерде туристік жерлерде сондай рейстерді ұйымдастыру жоспарда бар.

Еліміздегі әуежайлардың транзиттік әлеуеті кеңейіп келеді. Статистикаға сүйенсек, соңғы жеті жылда Қазақстан арқылы өтетін жолаушылар саны 20 есеге өскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 600 мың адамға жеткен.  

ПИТЕР ФОСТЕР, "ЭЙР АСТАНА" ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Эйр Астана бойынша айтар болсам, 4 жыл бұрын транзиттік жолаушылар саны мардымсыз еді. Біз үшін Қазақстан арқылы қатынайтын Қытай мен Үндістан азаматтарының маңызы зор. Осы орайда биыл біз транзиттік  жолаушылар санын  800 мың адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Бұдан бөлек, биыл отандық әуе компаниялары бірқатар халықаралық рейстер ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Астана-Түмен, Астана-Милан сынды бағыттар бар. Тағы 6 бірдей шетелдік компания да жаңа бағыттар ашады деген жоспар бар.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Ал 2020 жылға қарай, қазақстан арқылы өтетін жолаушылар ағынын 1 миллион 600 мың адамға жеткіземіз. Бұл Елбасының тапсырмасы. Одан басқа Қазақстандағы авиация жұмыстары 35 пайызға өсіп, әуе арқылы жүк тасымалдау көрсеткіші екі есеге артуы тиіс.

Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының қауіпсіздікті тексеретін 480 талабы бар. Тоғыз жыл бұрын бұл есеп екі есе аз болған. Ал қазір жолаушылар өмірі жіті қадағалауға алынған. Еліміздегі отандық әуекомпаниялар аталмыш ұйым талаптарының 74 пайызына сай. Ендігі мақсат осы көрсеткішті 80 пайызға жеткізіп, әлемдегі 50 үздік әуе тасымалдаушылар тізіміне кіру. Ол үшін жаһандағы бірегей басқару тәсілі британдық модельді енгізу қажет. Мұнда ұшу қауіпсіздігі мен оны қадағалау, мемлекеттік корпорацияның құзырына берілген. Ал ИКАО комиссиясы жүргізген биылғы тексерістің нәтижесі 1 ақпан күні белгілі болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер