Қазақстан - халықаралық деңгейдегі беделді бітімгер

Қазақстан - әлемдік саясат сахнасында беделді бітімгерге айналды. Елбасы  саясатының арқасында еліміз жаһанда болып жатқан түрлі проблемаларды бейбіт жолмен шешуге елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандық бітімгерлер 1992 жылғы азаматтық соғыс тұсында Тәжікстан шекарасын қорғауға қол ұшын созды, Ирак жерін жарылмай қалған снарядтардан тазалауға атсалысты, әлемнің әр түкпіріне гуманитарлық көмек жіберді. Дегенмен еліміздің қырып жою қатерінен азат, бейбіт әлем құру жолындағы ең елеулі еңбегі 1991 жылдың тамыз айында ядролық қарудан бас тартып, Семейдегі сынақ алаңын жабуы  болды. Бүгінгі таңда қазақ елінің  жаһандық антиядролық бастамалары БҰҰ мен әлем елдерінің қолдауына ие.  Бұл туралы елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай баяндайды:

Цитата:

"Қазақстанның басты артықшылығы – жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың мол қорында емес, керісінше, ашықтықта, бейбітшілікте, саналы ой-сана мен моральдық беделде екенін біз о бастан жақсы сезіндік. Ол ядролық қарусыз мемлекетті жүздеген, тіпті мыңдаған оқтұмсығы бар мемлекеттерден де қауқарлы күшке айналдыра алатын. Ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін қатерлі қарудан бас тартудың мұндай саясаты өзгелерге үлгі болуға тиісті еді".

Бүгінде Қазақстан жаһандық мәселелерге өзіндік үн қата алады. Бұл бағыттағы ықпалын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі күшейте түскені анық.  Ал Сириядағы соғысты тоқтатуға бағытталған Астана процесінің орны бөлек. Кепіл мемлекеттердің келісуі үшін бейтарап алаң болған Астанада Сирия билігі мен оппозициясы алғаш рет бір үстел басына отырды. Әрине араздасқан елдің арасын қосу бір сәтте шешілетін іс емес. Еліміз 2017-ші жылы келіссөздердің сегіз раундын өткізді. 4 деэскалация аймағын құрды. Зорлық-зомбылық деңгейін азайтты. Гуманитарлық көмек пен кепілдегі адамдарды айырбастау мәселесі шешілді.

ШАХИД КУРЕШИ, «THE LONDON POST» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Қазақстанның бұл мәселедегі рөлі өте маңызды. Мысалы сіздер Сирия қақтығысын және Түркия мен Ресей арасындағы келіспеушіліктерді реттеу бойынша белсенділік таныттыңыздар. Ядролық қаруды таратпау мәселесінде де Қазақстан бітімгер болуға тас-түйін дайын екендігіне және келіссөздер алаңы бола алатындығына сенімдімін. Оның үстіне бұл Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы маңыздылығын арттыруға бағытталған үлкен мүмкіндік деп білемін. Сіздердің мемлекеттеріңіз Орталық Азия елдері арасында Қауіпсіздік кеңесіне төраға ретінде сайланған тұңғыш ел болып отыр.

Қазақстанның Халықаралық даулы мәселелерді шешудегі тәжірибесі мен жоғары еңбегін «Корея Республикасы – Орталық Азия» ықпалдастығы форумының хатшылығы да мойындап отыр. Мұндағы сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мінберінен сөйлеген сөзінің өзектілігіне тоқтала отырып, Қазақстанның  Солтүстік Корея мәселесін реттеу үшін мүдделі тараптарға келіссөз алаңын ұсынуын дер кезіндегі қадам деп бағалады.

ЛИМ ЧХОЛЬ ВУ, «КОРЕЯ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯ» ӘРІПТЕСТІК ФОРУМЫНЫҢ ХАТШЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын толық қолдаймын. Солтүстік Корея жаппай қырып-жою қаруын таратпау туралы келісімді бұзып,  әлем елдеріне  теріс  үлгі көрсетті. Сондықтан Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянға қысымды күшейтіп отыр. Ал Қазақстан ядролық қарудан бас тарту мәселесінде тәжірибесі мол елдің бірі. Сондықтан келіссөздер өткізуге алаң ұсыну бастамасы үлкен  маңызға ие. Солтүстік Кореяның қандай талап тілегі бар екенін жаһан жұрты білуі  тиіс.

Еске сала кетейік, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына соңғы екі жылда аса белсенді қатысып келеді. Халықаралық үйымның штаб пәтерінде қауіпсіз әлемді қамтамасыз ету жолындағы өзекті мәселелерді өзге емес өз еліміз талай мәрте көтерді. Қазақстанның халықаралық дау-дамай мен теке-тіресті шешу жолындағы диалог алаңын ұсыну тәжірибесі де ел астанасында жалғасын таба бермек.