Алдағы төрт жыл ішінде елімізде шетелдік студенттердің санын 3,5 есеге арттырып, 50 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз мәслихатында айтылды. Олардың айтуынша, бұл тапсырманы орынды жүзеге асыру үшін бірінші кезекте отандық университеттер және шетелдік жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуы керек. Бұл өзекті мәселе халықаралық білім беру көрмесі аясында талқыланды.

АЛЕКСАНДР СВИДЕРСКИЙ, ПМПУ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР БӨЛІМІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:

 - Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне алыс-жақын елдерден, соның ішінде, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей Федерациясынан, Моңғолиядан келіп оқитындар бар. Келесі семестрден бастап Қытай мен Үндістаннан студенттер келеді деп жоспарланып отыр. Орталық Азия елдері аумағынан келетін студенттер үшін біріншіден, бізде білім сапасы жоғары және қатынас жолы жақын. Олардың біздегі білім сапасына көңілдері толады.  

Халықаралық білім беру бағдарламасы басшылығының айтуынша, жыл сайынғы өткізілетін көрме шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығын оятады. Сонымен қатар, университеттер арасындағы серіктестікті кеңейтеді. Қазіргі таңда қос дипломды және студенттік алмасу, соның ішінде Орталық Азия аймағындағы университеттермен жұмыс істеу бойынша бағдарламалар аясында бірқатар келісімдерге қол қойылды.

ЗҮЛФИЯ ТӨРЕБЕКОВА, ҚР БҒМ «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз Қазақстанның білім беру жүйесін Орталық Азия аймағында да талап етеміз. Бұл үшін Қазақстандағы жоғары білім сапасын жақсартып, шетелдік оқытушыларды көптеп тартамыз, қос дипломдық бағдарламаларды, бірлескен бағдарламаларды құрып, шетелдік студенттерді  тарту үшін ағылшын тілінде қосымша бағдарламаларды әзірлемекпіз. Қазақстан Орталық Азия елдерімен байланысын кеңейтіп жатыр. Елімізде жоғары білім беру хабын құру жоспарда бар.

Қазақстандағы Орталық Азия білім беру орталығын құру тек қана шетелден студенттерді тартуға ғана емес, сонымен қатар, оқытушылармен тәжірибе алмасуға да бағытталады. Біздің университеттеріміз жаңа халықаралық кампустарды ашу арқылы әлемнің жетекші университеттері мен Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығын дамыту алаңына айналмақ. Сарапшылардың айтуынша, мұның бәрі білім деңгейін, жоғары білім сапасын  арттырып, бүкіл өңірдегі жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер