«Тәуелсіздік дәуірі»: Президенттің ядролық қарусыз әлем туралы идеясы

Қазақстанның жаппай қырып-жою мен ядролық қарудан бас тартуы мен Елбасының жаһандық қауіп-қатердің алдын-алу идеясы, бейбітшілікті нығайтуға көтерген мәселелері қашанда өзекті болмақ. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде тең дәрежедегі бейбіт қоғам қалыптастыруды, «Ядролық қарусыз әлем» құруды көздейді. Бұл туралы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай деп жазды.

«...2011 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясында сөйлеген сөзімде әлемдік қоғамдастыққа «Ядролық қарусыз әлем» жалпы декларациясын әзірлеуді ұсындым. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өзінің қорғаныс бюджетінің бір процентін аударып отыратын БҰҰ бітімгерлік күш-жігер қорын құруды тағы бір бастама ретінде көтердім. Сөз соңында Қазақстан өз кандидатурасын 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсынғанын жарияладым. Сол кезде Нью-Йоркте әлемнің жетекші елдерінің басшылары қатысқан ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейлі кездесу өтті. Бұл шарада мен әлемдік көшбасшыларға атом энергетикасы саласындағы қауіпсіздіктің үш негізін ұсындым. Олар – бүкілпланеталық механизмдерді жетілдіру, төтенше жағдайларға дағдарыстық әрекет ету механизмдерін қалыптастыру, ядролық нысандардағы кез келген оқиға туралы хабардар ету...».