БҰҰ ҚК Президент бастамаларына пікірлер

Бүгін  Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы аясындағы тоқсан сайынғы дәстүрлі ашық пікірсайыста БҰҰ-ға мүше мемлекеттер Таяу Шығыстағы ахуалды талқыламақ. Сондай-ақ Палестина мәселесі жеке талқыға түседі. Осы айдың аяғына дейін Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанның төрағалығы шеңберінде әлемнің проблемалы аймақтарындағы ахуал, соның ішінде Сирия мен Йемендегі жағдай бойынша ашық және жабық түрде пікірталас өткізбек. Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның бейбітшілікті қолдау жөніндегі бастамаларын қуаттап отыр. Қазақстан Президентінің әлемдік қауымдастықты біртұтас организмге балап, жер бетіндегі барлық халықтың қауіп-қатері мен игіліктері ортақ екендігін атап өтуі халықаралық сарапшылардың оң бағасына ие болуда. Елбасының ядролық қаруы жоқ елдерге ядролық державалардың беретін кепілдігін заң жүзінде реттейтін жүйені дамыту туралы ұсынысын  Қытай сарапшылары бір ауыздан қолдап отыр.

СЯО БИНЬ, РЕСЕЙ, ШЫҒЫС ЕУРОПА ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі елдердің әскери блоктарға жіктелмеуін және ядролық қарудан ада аймақтар құру қажеттігін алға тартты. Корей түбегіндегі қақтығысты шешуі үшін тараптарды Астана алаңына мәмілеге шақырды. Бұл Қазақстанның БҰҰ қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысының нақты көрінісі дер едім. Тек қана Сирия мәселесінде Қазақстан 8 раунд отырыс өткізіп, осыған дейін ушығып кеткен Сирия дағдарысының сейілуіне септігін тигізді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Лаңкестіктен азат әлемге қол жеткізу тәртібі» кодексінің мақсаты мен міндеті айқын. 100-ден астам елдің делегациясы Елбасы жасаған мәлімдемен толықтай танысып шықты. Құжаттағы басты бағыт – терроризмнен азат әлем құру мақсатында 2045 жылы БҰҰ-ның жүз жылдығына қол жеткізу және контртерроризм бойынша серіктес-елдердің кең халықаралық коалициясын құру. Осы орайда, БҰҰ-ның лаңкестікке қарсы басқарма басшысы Владимир Воронков Қазақстанның ғаламдық қауіпсіздік пен тұрақты даму ісіне күш салып жатқанына жоғары баға берді. Ал БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча болса, Қазақстан мен ұйымның лаңкестікпен күрес бойынша ұстанымы бір екенін айтып өтті. 

МИРОСЛАВ ЕНЧА, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ КӨМЕКШІСІ:

 - Қазақстанның ұсынған жоспары әлемнің басқа аймақтарына үлгі болады деп үміттенемін. Кез-келген жағдай дұрыс, саяси шешімді талап етеді. Халықаралық, аймақтық ұйымдар экстремизм мен лаңкестікке қарсы күресте бірігіп, әлемде қарулы қақтығыстардың алдын алу үшін дипломатиямен бірге барлық шараларды қолға алуы тиіс. БҰҰ Қазақстанның бұл құнды бастамасын қуаттап, диалогқа ұйымның барлық мүшелерінің қатысуын қолдайды.