Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамытуға 2 млрд доллардан астам қаражат тартылмақ

Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамытуға 2 млрд доллардан астам қаражат тартылмақ. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, аталған сома халықаралық аукциондардан түспек. Аукцион тұңғыш рет сәуір-қазан айларында жалпы қуаттылығы 1 гигаватт болатын жаңартылатын энергия көздері үшін ұйымдастырылатын болады. Ведомство басшысы қомақты инвестиция тартылса, электр энергиясының құны айтарлықтай арзандауы мүмкін деп отыр. 2018 жылы елімізде жалпы қуаттылығы 123 мегаватт болатын жаңартылатын энергия көзінің 10 нысаны іске қосылмақ. Сондай-ақ жасыл технологияларды дамытудың халықаралық орталығы да іске кірісетін болады. Ол саланы дамыту үшін инвестиция тартумен айналысады деп жоспарлануда. 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Жаңартылатын энергия көздері нарығы жыл сайын дамып, өсіп келеді. 2017 жылы 1,1 млрд кВт с өндірілді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. Болжам бойынша жаңартылатын энергия көздері саласы күткендегіден де қарқынды дамуда. Дәстүрлі электр энергетикасына қарағанда 3 есеге артық. 2018 жыл жоспары да барынша ауқымды. 1,7 млрд кВт с немесе 2017 жылмен салыстырғанда 155 пайызға артық болмақ.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, өткен жылы еліміз мұнай өндіру бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген. Елде 86 млн тоннадан астам қара алтын өндірілді. Оның 70 миллионы болса, экспортталып отыр. Биыл Павлодар мұнай-химия зауыты жаңғыртылды. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытында да жобалар құрылысы аяқталып отыр. Ендігі жоспар – осы қарқынды жоғалтпай, саланы одан әрі жаңғырту,-дейді ведомство басшысы. Бұл үшін бірқатар жұмыс қолға алынбақ.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Мұнай химия саласында полипропилен өндірісі жобасы бойынша биыл зауыт нысандарының құрылысы басталмақ. Айтып өтейін, жоба қуаттылығы жылына 500 мың тонна болады. Ал құны 2,6 млрд АҚШ доллары шамасында. Оның құрылысын 2021 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ полиэтилен өндірісі бойынша елімізде бұрын-соңды болмаған ірі инвестжоба іске асырылмақ. Оның құны – 6,5 млрд доллар, қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна. Қаржы  тарту үшін техникалық-экономикалық негіздеме аяқталады.

Ведомство басшысының айтуынша, Елбасының жаңа жолдауына сәйкес ресурстық әлеуетті дамыту міндеті жүктеліп отыр. Бұл тұста Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану жөніндегі Кодекстің маңызы зор,-дейді ол. Кодекс 2018 жылдың шілдесінде өз күшіне енбек.