2018 - Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланды, ал 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы болады. Осы орайда, Алматыда екі тарап ғалымдары кездесіп, Жібек жолы мен рухани мұраны жаңғырту мақсатында құрылтай өткізді. Конференцияға бауырлас екі елдің екі жүзге жуық  мемлекеттік, қоғамдық өкілдері қатысты. Олар түркі мәдениеті мен тарихына қатысты зерттеп жүрген тақырыптарын ортаға салды. Өткен жылы қос елдің көшбасшылары өзбек-қазақ қарым-қатынасы мен ынтымақтастықты нығайтуға қатысты өзара келісім жасасқан еді. Құрылтайға қатысушылардың пікірінше, Қазақ елі мен Өзбекстан арасында өзара байланыс берік орнаған. 

АБДУЛАХАТ КАҺАРОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ /ӨЗБЕКСТАН/:

 - Бұл құрылтай рухани байланысты нығайтып, мәдени сабақтастықты жалғастыруға бағытталған. Сонымен қатар, игі шара бүкіл әлемдік қауымдастыққа Қазақстан Ұлы Жібек жолының батыс бөлігінің мұрагері екенін, ал Өзбекстан оңтүстік бөлігі мұрагері екенін дәлелдейді. Екі бауырлас ел арасында рухани ұқсастық бар. Ортақ дәстүр мен ұқсас әдет-ғұрып, бірыңғай  тарих ынтымағымызды жарастыра түседі.

Өзбекстан өкілдері құрылтайда Орталық Азиядағы ислам дінінің кең таралуы қазақ жерінен басталғанын айтты. Мұнда алғаш рет Таяу Шығыс ағартушылары білім беру ісімен айналысқан. Оған Шымкент маңы Сиқым ауылына табан тіреген муфтидің кесенесі табылғаны дәлел. Тарихи деректерді негізге ала отырып, «Алтын көпір» қоры мен Шығыстану институты ғалымдары Қазақстан мен Өзбекстан аумағында исламның Ұлы Жібек жолы бойында таралуын зерттеуді қолға алмақ.  

ӘМІРСАИД ОСМАНХОДЖАЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ӨМІР ҚАУІПСІЗДІГІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Біз ата-бабамыздың кесенесіне бардық. Мен бұрынғы Исфиджаб қазіргі Сайрамның Орталық Азиядағы ислам дінінің таралу орталығы болғанын қазақ халқына жеткізуге келдім.

Бүгінде екі ел арасында қарым-қатынас сауда-экономикалық серіктестікте де нығайып келеді. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында түрлі салаларда бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылған болатын. Ондағы құжаттар өзара сауда және инвестицияны жақсартуға мүмкіндік берді. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 30 пайызға артып, шамамен 2 миллиард долларды құрады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер