Елбасы Нью-Йоркте америкалық ірі трансұлттық компаниялардың басшыларымен кездесті

Елбасы Нью-Йоркте америкалық ірі трансұлттық компаниялардың басшыларымен кездесті

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында америкалық ірі трансұлттық компаниялардың басшыларымен де кездесті. Елбасы «Nasdaq» басшысы Адина Фридманмен  кездесуінде компанияның Қазақстанда жұмыс жүргізу жөніндегі шешімін құптайтынын айтты. Келіссөз барысында тараптар бірлесе жұмыс істеудің және Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді байланыстар орнатудың маңыздылығын атап өтті.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ,  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Шын көңілмен «қош келдіңіздер» деймін. Қазақстандағы Астана халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу жайлы шешімдеріңізді қуаттаймын. Өз тарапымыздан барлық жағдайды жасап жатқанымызды білесіздер. Бұл өзге компанияларға да үлгі. Сіздердің Еуропа мен Америкадағы серіктестеріңіздің біздің орталыққа  қызығушылығы туындайды деп үміттеніміз.  

АДИНА ФРИДМАН, "NASDAQ" КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Астана халықаралық қаржы орталығын құруға бағытталған жұмыстарыңыз таңдай қақтырырлық. Барлық мәселе ескеріліп, орталықтың ашылуына дайындық тиянақты. Ағылшын құқығы мен тіліне қатысты жайттарды да ескердіңіздер. Біз мұндай ұстанымдарды қолдаймыз. Сондықтан орталық жұмысын асыға күтіп жүрміз. Өз тарапымыздан әлемдегі ең үздік теxнологияларды ұсынуға дайынбыз. Сіздердің негізгі компанияларыңыз мол табысқа кенелуі үшін IPO-ға активтер мен акцияларды қою бойынша тәжірибе бөлісуге дайынбыз.

Ал  «Goldman Sachs» компаниясының президенті Харви Шварцпен кездесуде  тараптар   «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Goldman Sachs» компаниясының одан әрі ынтымақтасу мәселелерін талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қаржы орталығын құру үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Сізбен кездескеніме қуаныштымын. Астана халықаралық қаржы орталығын құрғанымызды білесіздер.  Арбитраждық шешімдер әділ болуы үшін ағылшын құқығын енгіздік. Сіздерді шақырамын.

Мемлекет басшысы «ExxonMobil» компаниясының атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесуде Қазақстан мен  «ExxonMobil» арасында мұнай-газ саласында қалыптасқан экономикалық серіктестікті айрықша атап өтті. Қазақстан Президенті бұл компанияның Теңіз және Қашаған мұнай-газ кен орындарын игеруге арналған жобаларға атсалысып отырғанын айтты. Даррен Вудс Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басталуымен және АҚШ Президенті Д.Трамппен өткен келіссөздердің табысты болуымен құттықтады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қош келдіңіз! Біз  Ексон мобилмен бүрыннан серіктеспіз. Сіздермен Қазақстанда атқаратын жұмысымыз аз емес. Компанияларыңыз  Теңіз кен орнында, Қашағандағы жобаларға қатысуда. Сондықтан сіздердің әлемдік энергетикалық нарықтағы ахуалға қатысты көзқарастарыңыз біз үшін маңызды.

ДАРРЕН ВУДС,  «EXXONMOBIL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Құрметті Президент мырза! Сізбен кездескеніме өте қуаныштымын! Осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстанды БҰҰ ҚК-дегі төрағалығымен құттықтаймын. Сонымен қатар сіздің сәтті өтіп жатқан спарыңыз бен Президент Трамппен болған кездесуіңіз құтты болсын!

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Линкольн орталығында өткен «Астана Балет» театрының концертін тамашалады. Өнер ұжымы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы «Қазақстан Астана Балет Гала» бағдарламасын ұсынды. Оған «Арулар», «Ақ қыз», «Әсемқоңыр» хореографиялық миниатюралары, «Щелкунчик» балетіндегі адажионының классикалық редакциясы және басқа да қойылымдар енген. Көрермен отандастарымыздың өнеріне бас иіп, қошемет көрсетті.