Мәскеуде «Астана процесінің» жұмысы қорытындыланды

Мәскеуде Сириядағы шиеленісті тұрақтандыруға арналған «Астана процесінің» жұмысы қорытындыланды. Сарапшылардың пікірінше, елордада өткен сегіз келіссөз айтарлықтай нәтижелі болған. Атап айтар болсақ, Сириядағы қарулы оппозицияны және үкімет күштерін бір үстел басына  қосып, төрт деэскалация аймағы құрылды. Ел ішіндегі зорлық-зомбылық деңгейі айтарлықтай төмендеп, гуманитарлық көмек пен кепілдегі адамдарды айырбастау мәселесі шешілді. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, Астана процесінің шеңберінде уағдаластықтьы бұзуға бағытталған бірнеше әрекетке қарамастан атысты тоқтату режимі сақталып келеді. 

СЕРГЕЙ ЛАВРОВ, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Жұмыс жалғасып жатыр. Астана процесі аясында келіссөздер жүргізіліп, олар жүзеге асып та жатыр. Гуманитарлық көмек,  кепілді айырбастау сынды көптеген мәселелер әлемдік деңгейде сенім орнатуға сеп болады. Бұл - деэскалация аймақтарында жергілікті деңгейдегі ұлттық татуласу процесін бастауға көмектеседі. Бастысы Астана процесі Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін жандандыра түскені анық.