Ақ үйде Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп кездесті. Бұл АҚШ Президентінің шет мемлекет басшысын осы жылдағы алғашқы қабылдауы, кездесудің Вашингтон үшін маңыздылығы зор.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Менің сапарымның нәтижесі Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты нығайтады деп сенемін. Екі елдің игілігі үшін стратегиялық әріптестік деңгейін  кеңейтуге қатысты түрлі шешім қабылдауға болатынына сенімдімін.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да іргелі істер атқардыңыз.

Ядролық қару мәселесі бүгінде маңызын жойған жоқ. АҚШ президенті бұл мәселеде Қазақстанның тәжірибесі құнды екенін және басқа елдер үшін үлгі болуға тиіс екенін атап өтті. Қос көшбасшы жаппай қырып-жоятын қарудың таралуын, соның ішінде КХДР-ның заңсыз ядролық және зымырандық бағдарламаларын талқылады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі ең ірі ядролық полигонды жапты. Сәйкесінше, әлемдегі ядролық державаларды жаппай қырып жоятын қаруды таратпауға, одан бас тартуға шақырамыз. Біз осы уақытқа дейін Иранмен жұмыс істедік, енді Кореямен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан Республикасының Президентімен екі ел арасындағы қауіпсіздік мәселелерін сөз етіп, қарым-қатынасымызды нығайтып, қос елдің өркендеуіне, әл-ауқатын арттыруға қатысты келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қолдайтын, сенімді серіктесіміз. Сонымен қатар, Қазақстан басшысына Орталық Азиядағы стратегиямызды соның ішінде, Ауғанстанмен қарым-қатынасымызды нығайтуды қолдағаны үшін алғыс білдіремін. Мен Қазақстанның еррористік топтарға қарсы күресетін қарулы күштерімізді логистикалық жағынан қолдауы үшін жоғары бағалаймын.

Екі ел көшбасшылары арасындағы диалог жемісті болды. Кездесу шеңберінде құны 7 млрд долларды құрайтын 20 келісім бекіді.  Бұдан бөлек 3 үкіметаралық келісім орнады.  Осылайша, авиация және ғарыштық зерттеулер, өнеркәсіптік цифрландыру, фармацевтика, аграрлық саладағы ынтымақтастық беки түспек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер