Ресми Кабул Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіру үшін Қазақстанға үлкен үміт артады

Ресми Кабул Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіру үшін Қазақстанға үлкен үміт артады. 19 қаңтарда Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өтетін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің министрлік дебаттары ислам республикасындағы әскери-саяси жағдай және аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін қарастырады. Біздің ел Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша арнайы қарар жобасын ұсынуға ниетті.

ХАЙРИ МОХАММАД ХУМАЮМ, АУҒАНСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Талибан мен ДАИШ саяси топтарының аймаққа тигізер қауіп-қатері мол. Террорлық қауіп әсіресе, солтүстік Ауғанстан жерінде сезіледі. Жағдай Ауғанстанды да, әлемді де алаңдатып отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі екі ұйымның әсерін әлсіретеді деп үміттенеміз. Бастысы содырларға қолдау көрсетіп отырған арналарды жою керек.  

Еске сала кетейік, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етіп, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуді, жаһандық соғыс қаупін жою мен Орталық Азия елдерінің мүдделерін алға жылжытуды, Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуін тоқтатуды, Африканың тұрақты дамуы , терроризмге қарсы әрекет ету және БҰҰ-ның 21 ғасыр талаптарына бейімделуді мақсат етеді. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының бірінші жылы халықаралық қатынастардағы шиеленіске тап келді. Сондықтан осы айдағы жұмыс қызу да күрделі.    

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚР БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Бұл жұмыста  тек біздің Сыртқы істер министрлігі мен шетелдік мекемелердің ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның басқа да мемлекеттік органдарының, салалық министрліктер мен ведомстволардың ұжымдық бірігуі  үлкен қолдау  болды. Біз төрағалыққа тыңғылықты дайындықпен келдік. Халықаралық негізгі мәселелерге алдын-ала талдау жасадық, оларды шешудің бағдарлары мен тәсілдерін анықтадық.

Сарапшылар әлемдік қауымдастық үшін, өткен жылдың және осы жылдың оңайға соқпағандығын айта келе  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына Қазақстанның қалай әсер еткені туралы пікір білдірді. 

МҰХИТ-АРДАГЕР СЫДЫҚНАЗАРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - 2017 жылы халықаралық аренадағы негізгі жүйе ойыншыларының арасында сенімділікті арттыру шараларының төмендеуі байқалды. Сондықтан, қаңтар айынан бастап Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі барысында жан-жақтан қиындықтар тууы мүмкін. Дипломатиялық тұрғыдан алғанда, БҰҰ мүше болып табылатын негізгі халықаралық ұйымның алдында тұрған проблемаларды шешу үшін Қазақстан мол күш жігер жұмсауы керек.