Биыл ҚР Ұлттық ұланының құрылғанына 26 жыл толды

Биыл ҚР Ұлттық ұланының құрылғанына 26 жыл толды. Құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау қамында Елбасы қаулысымен 10-шы қаңтарда жаңа әскери құрылым негізгі қызметін бастап кеткен болатын.  Кәсіби мерекелерінде жауынгерлік қызмет барысында көзге түсіп, батылдық танытқан әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді. Ішкі істер министрінің және Ұлттық Ұлан бас қолбасшысының бұйрығымен 2000-нан аса сарбаз бен офицер шендегілер және келісім-шарт қызметкерлері арнайы төсбелгілер және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

МҰХАМЕТҚАЛИ САТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН БАС ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Кезекті төл мерекемізді біздің жеке құрам жақсы жетістіктермен қарсы алып отыр. Өткен жылы Алматыдағы қысқы универсиада ойындары мен Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесінде Ұлттық ұланның сарбаздары қоғамдық тәртіпті қадағалап, күзет қызметінде қырағылық танытты.  Жеке құрам Ұлттық Ұлан заңдары мен тәртібіне сәйкес жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап, Отан алдындағы борышты өтеуге қашанда сақадай сай тұрады.