Қазақстанның әр аймағында сол өңір ерекшелігіне сай білім беретін кәсіптік-техникалық оқу орындары ашылады. Бұл туралы Атырауда «Білім туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланған алқалы жиында айтылды. Оған Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары және халықаралық сарапшылар мен кәсіби-техникалық білім беру ісімен айналысатын еліміздегі алпыстан астам колледждің басшылары қатысты. Жиында дуальды оқыту жүйесі, жұмыс берушілер мен байланыс, жас мамандарға сертификат-лицензиялар беру және қазақстандықтардың алғашқы кәсіби білімді тегін алуы  секілді өзекті мәселелер талқыланды. 

БИБІГҮЛ АСЫЛОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Өңірде дамыған салаға сай маман даярлау үшін еліміз бойынша 20 дан астам арнайы орталық құрылатын болады. Осылайша  жас мамандарды жұмыспен қамту көлемі артады. 

Ал, Алматы облысындағы білім саласының қызметкерлері Талдықорғаннан ұстаздарға арналған орталық ашуды ұсынып отыр.  «Рухани жаңғыру» - табысты ел болуымыздың кепілі» шарасы барысында бас қосқан ұстаздар  білім беру саласын рухани жаңғырумен ұштастыруды жан-жақты талқылады. Қазір Жетісу жерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 325 жоба жүзеге асып жатса, соның 49-ы тікелей білім саласына қатысты екен.  Ал елбасының тың бағдарламасы арнаулы және жоғары оқу орындарының оқу-тәрбиелік бағдарламаларына енген.

САДЫҚ ӘБДІҚАДЫРОВ,  КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ

 - Біздің әр ауданнан ағылшын тілі пәнінің 700-800-дей мұғалімі келді. Егер де келешекте сондай бір орталық болатын болса, мұғалімдер келіп, білімін жоғарылатып, кітапхана, жатақхана, сол жерде мәдени орталықтары болатын болса, біздің осы рухани жаңғыруымызға ұстаздардың үлесі одан да зор болады деп ойлаймын.    

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер