Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы - оның экономикалық және транзиттік әлеуетін артады

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы - оның экономикалық және транзиттік әлеуетін артады

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы оның экономикалық және транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға жол ашады. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам бірінші кезекте Каспий жағалауы  мен Орталық Азия аумағының теңіз дәлізі арқылы жасалатын алыс-берісін еселей түседі. Құжат биыл Қазақстанда өтетін Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының самитінде  түпкілікті бекітуі тиіс. Осылайша, 20 жылдан бері талқыланып келе жатқан каспийдің мәртебесі туралы күрделі мәселе көп кешікпей шешілуі мүмкін. Басты сауал теңізді шекарсындағы Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркменстан және Иран елдері арасында тең дәрежелі бөліп алу болатын.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Тараптар Каспий теңізінің аумағын құқықтық деңгейде бөліп,  иемдену тәртібі бойынша өзара келісімге келіп отыр. Иран үкіметі Қазақстан, Ресей және Түркменстан мемлекеттерінің ұсынысын қабылдап, келісімге қосылды. Бұл құжатттың Каспий жағалауы мен Орталық Азия аймағындағы елдер арасындағы ынтымақтастықты  арттыра түсуде маңызы зор болмақ.

Мамандар Каспий мәртебесінің бекітілуі транзиттік жобаларды жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын айтады. Мәселен Баку-Тбилиси-Карс бағытындағы темір жол Каспий арқылы бірден Еуропаға жүк жеткізудің таптырмас жолы болмақ. Сондықтан бүгінгі таңда Қазақстан мен Әзербайжан сары құрлықпен байланыстыратын транскаспий халықаралық дәлізін жетілдіруге басымдық беруде.  

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

–Бұл Қазақстан үшін Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың негізгі бағыттарының бірі. Қазір ол үшін қажетті Ақтау мен Құрық теңіз порттарын жетілдірудің екінші кезеңі жүріп жатыр. Конвенция Каспий теңізі арқылы тасымалданатын тауар айналымын арттыра түсетіні сөзсіз. Құжат Теңіздің әлеуетін толықтай пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ конвенция трансұлттық компаниялардың қызметі заңды тұрғыда қорғалатынына кепілдік береді. Бұдан басқа аймаққа шетелдік инвестиция тарту мен логистикалық саланың дамуын қамтамасыз етеді.