2050 жылға қарай Қазақстан тұтынатын электр энергиясының 50 пайызын баламалы қуат көздерінен алмақ. Мәліметтерге сүйенсек, электр энергиясын балаламалы көздерден өндіру өткен жылы 22 пайызға артқан. Яғни, күн және электр станциялары, сонымен қатар, биогаз зауыттары елге бір миллиард киловаттан астам жасыл энергия берген. Енді ауқымды жобаларды жүзеге асыру мақсатында, осы саладағы тәжірибесі мол шетелдік алпауыт компаниялармен серіктестік орнатып, көрсеткішті арттыру көзделіп отыр. Энергетика министрі алдымен жаңартылған энергияның құнын төмендетуді жоспарлады. 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Біз халықаралық деңгейде аукциондар өткізіп, тәжірибесі мол ірі ойыншыларды тартамыз. Аукционнан ұтқан компания мұндай ауқымды жобалардың масштабына байланысты өз технологияларын әкеледі деп ойлаймын. Сол кезде Қазақстандағы баламалы қуат көзінің бағасы 34 теңге емес, айтарлықтай төмендейді. Аукциондар жел энергиясының бағасы төмендеуіне ықпал етеді, ал ірі компаниялар болса, бәсекелестік көп болады.

Халықаралық белгілі компаниялар аукционға қатысуға ниет білдірді. Қазақстан баламалы қуат көзін ұлғайтумен қатар парникті газдардың ауаға таралуын шектеуді қолға алды. Осы ретте  Париж келісімінде қабылданған міндеттемелер оң әсерін бермек. Бұл құжатқа еліміз 2016 жылы қол қойған болатын. Мұндағы басты мақсат – ғаламдық климаттың жылынуына жол бермеу. Ал, жасыл экономика – қоршаған ортаны қорғаудың басты тетігі болады. Елімізде айналаға парниктік газ тарататын 224 энергия көзі бар. Биылдан бастап жаңа квота жүйесі енгізіледі. Енді кәсіпорындар заманауи технологияны пайдаланып, парниктік газдың ауаға көп таратпай, оны сатып, тиімді бизнес жасайды.  

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Біз осы парникті газдардың квоталарының көлемін анықтап, сосын сату механизмін іске қосамыз. Ескі технологияны пайдаланатын компанияларға тоқтау қоямыз, оларды бақылауда ұстаймыз. Өндіріс аясы кеңейіп, әр сала бойынша парникті газ шығарындылары белгіленген коэффициенттен үлесі асып кетпеуі керек. Егер газ шығарындылары орташа коэффициенттен асып кетсе, квота сатып алады да үлесті теңестіреді.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы 10 жыл ішінде жаңа технологияларды пайдалану арқылы ауаға парниктік газ шығаруды біршама азайтады. Бұл жүйе ұтымды әрі ауқымды  жобалардың үздіксіз жұмыс істеуі нәтижесінде ғаламдық жылынуды тоқтатады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер