Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Кролмен кездесті. Кездесу Мемлекет Басшысының Америка Құрама Штаттарына ресми сапары қарсаңында өтті. Елбасы Тәуелсіздіктің 26 жылында екі ел арасында достық қарым-қатынастар орнатылып, ынтымақтастық туралы 70-тен астам келісімге қол қойылғанын атап өтті. Қазақстанда америкалық 500-ге жуық компания бар, олардың 140-ымен біріккен жобалар жүзеге асырылады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев терроризмге қарсы күрес, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту саласында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, Джордж Крол алдағы сапары екі мемлекет арасындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

 - АҚШ-қа сапарым алдындағы бұл кездесу Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін маңызды рөл атқаратынына сенімдімін әрі алғысымды білдіргім келеді. Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде мен барлық елдің президенттерімен кездескен болатынмын. Талай екі жақты ұтымды келісімдер жүргізіп, түрлі бағыттағы құжаттарға қол қойыстық.

ДЖОРДЖ КРОЛ, АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарына сапары қарсаңында мен Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестім. Вашингтон Мемлекет басшысын асыға күтіп отыр. Бұл - Дональд Трамптың шақыруымен өтетін алғашқы ресми іс-сапар болмақ. Күн тәртібінде екі жақты қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланады. АҚШ Қазақстанды сыйлап, құрметтейді. Сондықтан бұл сапар ынтымақтастықты кеңейтіп, бекемдей түспек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер