Германиядағы қазақ студенттері «Мен – патриотпын» шарасына қатысты

Мыңнан аса қазақстандық жас Германияда білім алып жүр. Олар нанотехнологиядан бастап, машина құрастыру, логистика, медицина сынды әр саланы меңгеріп жатыр. Алған білімдерін келешекте туған елдің игілігіне жаратпақ. Осы мақсатқа қатарластарын жұмылдыру үшін қазақ студенттері «Мен – патриотпын» шарасына қатысты. Оның ішінде әйгілі Джейкобс оқу орнын инженерлік информация мамандығы бойынша бітірген 24 жасар жас жігіт Нұрбол Сәкенов бар. Ол Гамбургте жұмыс істеген, қазіргі таңда Берлинде тәжірибе шыңдап жүр. Нұрбол Қазақстанға келіп логистика саласын дамытсам дейді.

НҰРБОЛ СӘКЕНОВ, ГЕРМАНИЯДАҒЫ JACOBS УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ:

 - Ең бірінші мақсаттарымның бірі – Германияда тәжірибе жинап, мамандығым бойынша жұмыс істеп, логистика бойынша көп нәрселер үйреніп, оқыған-үйренген нәрселерімді Қазақстанға барып, сол еліме қызмет еткім келеді. Әрине мен өз елімнің патриотымын. Әрқашан Қазақстан туралы ойлап тұрамын, жаңалықтарды да қарап тұрамын.

Акцияға белсене қатысушылардың бірі – Әлия Нарбекова. Ол Берлиндегі Гумбольд атындағы университетте магистратура білім алып жүр. Неміс мемлекетіндегі мәртебелі оқу орнының ашылғанына 210 жыл болған. Университет осы уақытқа дейін талай танымалды шығарған. Әлия мен Нұрбол да ел игілігіне жарар мықты маман болуды армандайды.

ӘЛИЯ НАРБЕКОВА, HUMBOLDT УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Менің қазіргі негізгі мамандығым  саясаттану болғандықтан, осы халықаралық қатынастар саласына өз үлесімді қосқым келеді. Әрине, тәжірибе жинақтаған дұрыс, өзім бес тілді білемін. Осы бес тіл білген білімімді шыңдап, оны Қазақстанда, Қазақстанның дамуына үлесімді қосқым келеді. Әрине, қазақ жастары еліміздің үкілеген үміті болғандықтан, біздің де көкірегімізде патриоттық сезім кернеп жүр. Әсіресе бұл шет елде болғанда қатты сезіледі. Себебі өз жеріңді туған еліңді сағынасың.

Германиядағы қазақ жастарын біріктірген «Мен-патриотпын» шарасы  «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Білім алып, білігін арттырып жүрген студенттер өздеріне сенімді. Олар елге абыроймен оралып, алға қойған мақсаттарына жетуді көздейді. Ендігі меже – айтқан сөзіңді асқан табандылықпен іс жүзіне асыру.