Қазақстан мен Өзбекстан арасында халықаралық автобус рейсі ашылды. Жаңа бағыт қос мемлекеттің Ташкент пен Шымкент қалаларын тікелей жалғайды. Арадағы тұрақты рейс күн сайын жүреді. 145 километр жолды автобус шамамен 3 сағатта жүріп өтеді. Осылайша, бауырмал елдер арасында барыс-келіс артып қана қоймай, өзара алыс-берістің өсіп, туризмнің дамуына жаңа мүмкіндіктер туындады.

СЕРГЕЙ МУТИН, ЖУРНАЛИСТ:

Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы байланысты нығайта түсуде бұл рейстің маңызы зор. Біз – алғашқы жолаушылармыз. Шымкентте бұрын болмағанбыз, қаланы көруге асықпыз.

Қазақстан жағынан автобустар «Жібек жолы» өткізу-бақылау бекеті арқылы өтетін болады. Екі жақтан да халықаралық жол қатынасын жүзеге асыратын компаниялар анықталған. Әзірге, жолаушылар көлігі  таңертеңнен бастап әр сағат сайын жолға шығады деп жоспарланып отыр.  Екі жақ та бұл жолаушылар көлігі қатынасының бастамасы екенін айтады.

ЕРБОЛ СЫРҒАБЕКОВ, ОҚО БОЙЫНША КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:

 - «Көк дәліз» бойынша, яғни қысқартылған түр бойынша өткізіледі. Ешқандай кедергі болмауы керек, сол дәліз бойынша өткізіледі. Ұзын-сонар кезекте тұру керек емес. Өйткені, екі жақсы келісім бойынша жалпы 15-20 минут ішінде өткізу деген келісім бар.

Ауылы аралас, қойы қоралас екі елдің шекарасы арқылы күніне 20 мыңдай адам өтеді. Ортақ келісім аясында ашылған халықаралық бағыт көлік жолаушыларына шекарада көптеген жеңілдік қарастырылған. Яғни жолаушылар жүктерін көтеріп көпшілікпен бірге сабылып кезекке тұрмай, арнайы бекеттен өте қояды.

ШОАЛИМ ШОВАХАБОВ, ӨЗБЕКСТАН АВТОМОБИЛЬ ЖӘНЕ СУ ТРАНСПОРТЫ АГЕНТТІГІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Барыс-келісті арттыру және қазақ пен өзбек халықтарының мәдениетін бір-біріне терең таныстыра түсу үшін бұл бағытты ары қарай көбейтетін боламыз. Самарқан бар, Бұхара, Хива, Қоқанға да автобус бағыттарын ашпақ ниеттеріміз бар. Сіздерде Түркістан бар. Екі жақта да туризм дамитын болады.

Еске сала кетейік, Өзбекстан Орталық Азия елдерінің ішінде біздің елмен автобус байланысын орнатқан екінші мемлекет. Бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында Алматы-Бішкек, Алматы-Чолпон-Ата, Қарағанды-Чолпон- Ата сынды 10 бағыт бойынша автобус қатынайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер