БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдер Қазақстанның қаңтардағы жұмыс бағдарламасымен танысты. Бүгінде 50-ден астам өзекті мәселені жан-жақты талқылау күн тәртібінде тұр. Халықаралық ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азиядан мүше болып сайланған бірінші ел Қазақстан оның құрамында аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы іс-қимылды арттырмақ. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев атап көрсеткендей, қазақстандық тарап әлемдік қауымдастық назарын Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен даму мәседедеріне аударуды көздеп отыр. Ең алдымен, Ауғанстандағы жағдайды реттеп, әлемдік экономикадағы беделді ойыншы ретінде Кабулдың мәртебесін көтеру жоспарда тұр. Ауғанстанның дамуы, оның көрші елдермен тиімді қарым-қатынас орнатуы ел ішінде де, Орталық Азия аймағында да тұрақтылықты сақтап, нығайтуға септігін тигізері анық. Қорыта айтқанда, Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы ретіндегі жұмысының басты бағыттары тамырын тереңге жайған қазақстандық дипломатияның дәстүрлі басымдықтары мен мемлекет басшысының жаһандық бастамаларының көрінісі болмақ.

ЕРЖАН АШЫҚБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз көтеретін басты мәселелер: жаппай қырып-жоятын қаруды тараптау, Орталық Азия аймағындағы мәселелер, терроризмге қарсы тұру, Таяу Шығыстағы өзекті мәселелерді реттеу. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан бүгінде күллі әлем көз тіккен сондай түйткілдің түйінін тарқатуға атсалысуда. Бұл – Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі Астана алаңы. Міне, Қауіпсіздік Кеңесінде басымдық беретін басты тақырыптар осы болмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер