Сұлтан Разия – 13 ғасырда Дели сұлтандығын басқарған, қыпшақтардың арасынан шыққан алғашқы әйел билеушісі. 1236-1240 жылдарында Солтүстік Үндістан жерінде әмір жүргізген ол қазақ даласынан барған көшпенділердің ұрпағы. Жан-жақты білімді, ел басқаруға әбден лайықты сұлтан Разия Шамса ад дин Елтұтмыштың қызы. Елімізден шыққан «Бабалар ізімен» экспедициясы сұлтан Разия туралы тың деректер теріп, өмір тарихына зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Дели сұлтандығын басқарған бесінші билеушінің мазары Делидің мұсылмандар тұратын кварталында орналасқан. Басқа билеушілердікіндей үлкен мавзолей салынбаса да, жанынан бой көтерген шағын мешіттен бес уақыт намаз үзілмейді. Бұдан бөлек қыпшақтардың елбөрі деген тармағынан шыққан Гияс ад дин Балбан 1246-1266 жылдар аралығында 20 жыл бойы Дели сұлтандығын басқарған. Делидегі Мехраули кешенінде орналасқан кесенеге «Бабалар ізімен» экспедиция мүшелері арнайы барып, мінәжат етті, тарихи орынның жай-күйін көрді.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Мынау менің оң жағымдағы Қыпшақ династиясының тоғызыншы сұлтаны, аруақты бабамыз Балбанның жатқан жері. 1287 жылы қайтқаннан кейін осы араға келіп жерленген. Сол жағымда тұрған михраб, ал сол жағындағы – мавзолей.

Үндістандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ел өмірін жан-жақты суреттейтін, тарихи тұлғалар туралы деректі фильмдер жасаған еді. Елден барған экспедиция мүшелері үндістандық телепродюсерлер, публицистермен кездесті. Қос елдің мамандары алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеуді жоспарлады. Ортақ тарихи тұлғалар екі елдің байланысын нығайтары анық.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Үндістаннан көптеген тың тарихи деректер тапты. Олар Дели сұлтандығы мен Моғол империясын қоса есептегенде Үндістан тарихында 500 жылдық  түркі және қыпшақ кезеңі бар деген тұжырымға келді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер