Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісті. 2018 жылдың 31 қаңтарына дейін еліміз беделді халықаралық ұйым қабырғасында басшылық қызмет атақарады. Алғашқы жұмыс  күні Қауіпсіздік Кеңестің қаңтар айындағы қызметінің бағдарламасы бекітілді. Дипломаттар қазақстандық төрағалық бағдарламасының сапалы дайындалғанына назар аударды. Қазақстан бастамасымен БҰҰ тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңадан сайланған тұрақты емес алты мүшесі - Кот д'Ивуардың, Экваториялық Гвинея, Кувейт, Нидерланд, Перу мен Польшаның туларын көтеру салтанатты рәсімі өтті. Сондай-ақ Кеңестің қаңтардағы бағдарламасында ядролық қаруды таратпау басты тақырыптардың бірі болмақ.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚР БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Бүгінде әр түрлі саяси көшбасшылар мен мемлекеттер арасында сенімді серіктестік орнатуды басты назарға алуымыз керек. Онсыз ешқандай мәселе  шешімін таппайтыны анық. Және қазір әлемге  ынтымақтастықты арттыру үрдісі  жетпей тұрғаны сөзсіз.

Қаңтардың 18-інде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде өтетін жоғары дәрежелі тақырыптық брифингке қатысып, сөз сөйлейді. Ол жерде жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесі әңгімеге арқау болады. Ал қаңтардың 19-ы күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ауғанстан мен Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты арттыруға бағытталған министрлік деңгейіндегі дебатқа төрағалық етпек. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері деңгейінде «Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі» тақырыбында тоқсан сайынғы ашық пікірталастары 25 қаңтарда өтеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер