2017 жылы Қазақстан экономикасында сенімді өсім байқалды. Сарапшылардың болжамы бойынша, 11 айда елдің ішкі жалпы өнімінің көрсеткіші 4 пайыздан асқан. Жаңа кәсіпорындарды ашу,  агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлікті дамыту елдің экспорттық әлеуетін арттырды. Сондай-ақ, өндірісті цифрландыруға да жол ашты. Экономикалық көрсеткіштердің өсуіне  инновациялық және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы түрткі болған.

АЙЖАН МҰҚЫШБАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Сыртқы саудада да оң өзгерістер байқалуда. Алғашқы 10 айдың қорытындысы бойынша экспорт былтырғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға жоғары. Ал импорт 15-16 пайызға жоғары болып отыр. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялар да былтырғы жылмен салыстырғанда 5-6 пайызға жоғары болып отыр.

Биыл елге тартылған шетелдік инвестиция көлемі де арта түсті. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс және өнеркәсіп салаларында байқалады. Сондай-ақ, осы жылы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы құрылды. Жаңа мекеме  Дүниежүзілік банкпен бірге Ұлттық инвестициялық стартегия әзірледі. Жоспар бойынша алдағы 5 жылда елге 118 млрд доллар инвестиция тарту көзделуде.

ЛАРИСА ЖҰМАҒАЛИЕВА, ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ИНВЕСТИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жыл қорытындысы бойынша өсім 40,5% болды. Ал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында елге келген шетелдік инвестициялардың жалпы  көлемі 205 млрд АҚШ долларына жетті. Өсім 8,6%. Біз бұл өте жақсы көрсеткіш деп есептейміз.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан экономикасына Еуразиялық экономикалық одақ та оң әсерін тигізген. Бестік елдерінің өзара сауда айналымы 10 айда 27 пайызға артыпты. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кедендік кодексін ратификациялады. Ол 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енбек. Бұл сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруды барынша жеңілдетіп, экспорттық әлеуетті қолдануға мүмкіндік береді.

ТАТЬЯНА ВАЛОВАЯ, ЕЭК ИНТЕГРАЦИЯ ЖӘНЕ МАКРОЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Бұл айтарлықтай жоғары өсім. Біздің сараптамамыз 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ іске кіріспесе, елдер көрсеткішінің әлдеқайда төмен болатындығын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ, биыл еліміз көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру жобаларын іске асырудың нәтижелерін көрді. «Нұрлы жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларының арқасында Қазақстан инфрақұрылымының дайындығы 70 пайызға жетті. Қазақстандық темір жолмен Қытайдан Еуропаға, Орталық Азия елдері мен          Парсы шығанағы елдеріне жүк тасымалданады. Сондай-ақ Транскаспий көлік дәлізінің маңызды буыны - Құрық теңіз портында автокөлік паром терминалы іске қосылды. Екі темір жол және екі автокөлік айлақтарын  қолдану жылына 6 млн тонна жүкті өткізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде көрсеткіш 1 жарым млн тоннаға тең.

ТАЛҒАТ ОСПАНОВ, ҚҰРЫҚ ПОРТЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Келесі жылы бұйыртса, 3 млн жүк жөнелтеміз деген ойымыз бар. Қазір жұмыс өте көп. Қазір біздің рейдте 4 кеме тұр. 500-ге жуық вагон өздерінің кезегін күтіп тұр. Оның ішінде айтып кеткендей  көмір, астық, мұнай өнімдері және Қытайдан транзиттік жүктер өздерінің кезегін күтіп тұр.

Қазақстанның биылғы жетістіктерінің қатарында «Астана» халықаралық орталығының құрылуын атап өтпеуге болмас. Орталықтың инфрақұрылымы әзірленіп, заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілді. Алдынғы қатарлы әлемдік сарапшылар да  тартылды. 1 қаңтардан бастап «Астана» қаржы орталығының биржасы жұмысқа кіріспек. Орталық Еуразиялық экономикалық одақ, Кавказ, таяу Шығыс, Батыс Қытай, Моңғолия, Еуропа және Орталық Азия елдерінің қаржылық хабына айналады деп күтілуде. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер